КӨРІСУ – ҚАУЫШУ ҒАНА ЕМЕС, ЖАҚСЫЛЫҚҚА НЕГІЗДЕЛГЕН МЕРЕКЕ

Бүгін Шымкент қаласы бойынша өкілдігіне қарасты мешіттерде «Амандасу» мерекелік шарасы ұйымдастырылды. Бұл туралы ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Көрісу – Қазақстанның батыс өңірінде сақталған қазақтың ежелгі дәстүрі. Биыл да Наурыз мерекесінің бастауы, жаңа жылдың басы ретінде тойланатын Көрісу күнін шымкенттік имамдар 14 наурызда атап өтті. Көрісу – тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ, жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс. Өйткені, көрісу салты бір күннің аясымен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғаса береді.

Көрісу күні исламда бар нәрсе емес. Бірақ ол шариғат талаптарына қайшы келмей, онымен үндесіп жатқандықтан, исламмен бірге ғасырлар бойы жасасып келе жатқан біздің төл дәстүріміз. Оның бір дәлелі – көрісу күнінің араздасқан, бір-бірімен араласпай кеткен жақын адамдарды татуластыруға, табыстыруға бағытталған қасиеті. Бұл күні бір-бірін танитын бүкіл адам, тіпті әртүрлі себептерге байланысты жанжалдасып, бет көріспей кеткендер де көрісіп, қол алысуға міндетті. Ежелден келе жатқан салттың талабы осындай. Сөйтіп, көрісіп, біріне-бірі ақ тілегін айтқан адамдар бұдан кейін арадағы реніштерін жойып, табысады. Қалай болғанда да, көрісу күнінің имандылыққа, жақсылыққа негізделген мереке екені анық. Ол үлкен мен кіші арасында сыйластық, сыпайылық орнатады.

Қазіргі күні үлкенге бірінші болып сәлем берудің өзін ұмытып бара жатқанымыз рас. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде бір-біріне сәлем берген екі адамға да сауап жазылатыны, соның ішінде бірінші сәлем берген адамға көбірек сауап тиетіні айтылады. Көрісу күні де сәлемдесудің сауапты іс екенін жастардың санасына сіңіруге септігін тигізеді.

Жалпы, қорыта айтқанда, Көрісу «Амандасу» күні – пенденің аузы аққа, мал аузы көкке тиіп, адамның адаммен, жылдың жылмен көрісіп, бір-біріне тілектерін айтатын күні. Ниет қабыл болғай!

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған