Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫ: «МЕН ҚАЗАҚПЫН»

Жақында интернетте қазақ тілінің атасы, Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының осыдан бір ғасыр бұрын, яғни халқымыз бодандық пен құлдықтың темір құрсауынан шығар жол таппай қиналған тұста жазылған «Я – казах!» деген өлеңі пайда болды. Өлеңнің орысша мәтінін Ресей архивінен Хамитбек Мұсабаев деген азамат тауыпты. Бұл өлең о баста қазақша жазылып, содан соң орысшаға аударылған сияқты. Қазақшасы табыла ма, табылмай ма, сақталған ба, сақталмаған ба? О жағы қазірше белгісіз. Орысша мәтін жолма-жол аударма болса керек. Сондықтан ол қазақтың дәстүрлі қара өлеңінен гөрі телеграфтық стильге жақындау. Солай болуы да заңды. Бәлкім, төрт аяғын тең басқан дүниеге айналдыруға аудармашының (мүмкін автордың) мұршасы болмаған шығар. Біз қазақ оқырмандарының қалыптасқан танымына, үйреншікті мәнеріне жақындау болсын деген оймен сірескен орысша мәтінді еркіндеу стильмен қазақшалап шықтық. Автордың жүз жыл бұрын өз заманынан, қоғамынан әлдеқайда биік тұрған ой-армандарын сөзбе-сөз тап баспасақ та, жалпы не айтпағын мазмұндап бере алдық деген сенімдеміз.

 

Мен қазақпын, скифтың жалғасымын,

Мақтанбайтын санымен мал басының.

Алтын гриф киесі мен боламын –

Бүркіт әрі арыстан таңбасының.

 

Ұмытпассың патшамыз Тарғытайды,

Сол ұлымен скифке бақ құтайды.

Содан-дағы құлашты кең жаямын,

Мойындаймын тек қана хақ Құдайды.

 

«Қазақ» деген атым бар дүрілдеген,

Шығыс, Батыс алдымда дірілдеген.

Қытай, Иран, Вавилон, Рум, Лидия,

Салық төлеп бітірмей, көз ілмеген.

 

«Хун» атандым, білесің, әлімсақтан,

«Гун» дегенде мың-мыңдар жанын сатқан.

Еуропа да алдымда тізерлеген,

Мені байқап ашудан қаны қатқан.

 

Көне сына жазуы – таңбасында,

Мен туралы ерекше бір мадақ бар.

Айтпадың не, айттың не, шындығы сол –

Туабітті жаужүрек қой қазақтар.

 

Каспийлікпін, батырмын, зор алыппын,

О басында айрықша жаралыппын.

Бөрі де мен, темір де, саналымын,

Шындық атты анадан нәр алыппын.

 

Оғыз, қыпшақ, хазар да мен боламын,

Шерте білсең күйшанақ – домбырамын.

Құтурғұл, дулу не болгар десті,

Иесімін даланың, мол мұраның.

 

«Татар» деп те атандым амал бар ма,

Ұйытқи соққан көк дауыл замандарда.

Жер жастандым, ал бірақ жеңілмедім,

Тығылмадым тас қорған – қамалдарға.

 

Жүрегімнің жалыны өшкен емес,

Көкірегімді қу дүние тескен емес.

Бай болсам да, тас кедей атансам да,

Имансыз боп ұл-қызым өскен емес.

 

Қазақпын ғой, татар да, монғол да мен,

Атым шыққан айтулы Ақордамен.

Доспын десе қылышын тастай салар,

Қонақжаймын, пейілім – заңғар, терең.

 

Ат үстінде өтті сан ғасырларым,

Кемшілігім бар болса, жасырмадым.

Өз елімде сұлтан да, ұлтан болдым,

Талай елді биледі асылдарым.

 

Жауға әсте аяқтан шалдырмадым,

Биіктерде әрдайым жанды бағым.

Бағдад, Мысыр, Үндістан күн туғанда,

Ұлдарыма ұсынды заңды тағын.

 

Сұлтан болдым, жауынгер, мамлюк та,

Қорқып әсте көрмедім, жаңылып та.

Жау анталап тұрғанда жан-жағынан,

Көмек қолын создым мен сан ұлтқа.

 

Маған сеніп, бас иіп, пір тұтқанда,

Шығысты сан құтқардым құлдықтан да.

Сойқанынан қорғадым монғолдардың,

Крестшілер қаптатқан сұмдықтан да.

 

Мен қазақпын, ноғаймын, Мамай да мен,

Ешқашан да алмаған жау айламен.

Арлан сынды жалымды күдірейттім,

Иттер білді: жоқ маған маңайда тең.

 

Қырғыз-қайсақ етпекші болды мені,

«Қыран келіп астауға қонды» деді.

Білмеді-ау Ресей бұл қазақ-сақтың,

Қайтпайтынын қалғанша соңғы демі.

 

Солайша олар казакты ұлықтады,

Өздерінше мәз болып ұлықтары.

Бұралаңға қаншама салса дағы,

Дала ұлы өз тегін ұмытпады.

 

Дінімді де мен асыл сақтап қалдым,

Атымды да ұзатпай ақтап алдым.

Ар алдында тұрсам да, дар алдында,

«Қазақпын» деп әрқашан мақтанамын.

 

Көк Тәңірі – бір Алла сүйенерім,

Елін, жерін, даласын сүйеді ерім.

Таяқ жедім, бірақ та шегінбедім,

Көк Түріктің сойы мен сүйегі едім.

 

Еркіндікке ұмтылдым жан-тәніммен,

Күндерде де жаяу қап, атқа мінген.

Азаттықтың ауылы алыс екен,

Бөгей берді жолымды таққа мінген.

 

Бас тартпадым арманым, мұратымнан,

Қалды уақыт артымда шұбатылған.

Еркіндіктің жолында жаным құрбан,

Ұлт едім ерекше бұла туған.

 

Тірі жүрсем, кетсем де жан тапсырып,

Өз тегімді ұмыту – жаңсақ қылық.

«Қазақпын» деп дүниеге жар саламын,

Құлдық дүние іргесін шайқап тұрып.

Қазақшалаған З. ҚЫСТАУБАЙҰЛЫ.

One Comment on “Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫ: «МЕН ҚАЗАҚПЫН»”

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған