ЖЕМҚОРЛЫҚСЫЗ МЕМЛЕКЕТ ҚҰРУ ЖОЛЫНДА ӘРБІРІМІЗ АТСАЛЫСУҒА МІНДЕТТІМІЗ

Қазіргі кездегі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі ол сыбайлас жемқорлық. Бұл өте қауіпті індет. Себебі, ол мемлекетіміздің болашағына, оның экономикалық дамуы мен өсіп өркендеуіне үлкен залалын тигізетін қоғамның асқынып тұрған дерті. «Сыбайлас жемқорлық» деген түсінік мағынасына этимологиялық қарау мұны «параға сатып алу», «пара» ретінде, «corruptio» деген латын сөзін алып, анықтауға мүмкіндік береді. Рим құқығында сондай-ақ «corrumpire» түсінік болған, ол жалпы сөзбен айтқанда «сындыру, бүлдіру, бұзу, зақымдау, жалғандау, параға сатып алу» деген түсінік беріп, құқыққа қарсы іс – әрекетті білдірген. Орыс тілінің түсіндірме сөздігі сыбайлас жемқорлықты пара беріп сатып алу, лауазымды адамдардың, саяси қайраткерлердің сатқындығы ретінде сипаттайды.

Қазақ халқының қанына сіңген қасиеті мен дала мәдениетін бойына сіңіре білген құндылықтарында көптеген елдік мәселелер ешқандай жемқорлықсыз билер алқасының шешімімен шешіліп отырған. Оған дәлел бүгінде үш алыпқа айналған Төле би , Қазыбек би, мен Әйтеке би бабаларымыздың салып кеткен сара жолы. Жемқорлық дертінің алдын алу ісінде  осы дана бабаларымыз айтып кеткен : «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген дана сөзін естен шығармай назарда ұсату дәл қазіргі қоғамға керек-ақ.

Сыбайлас жемқорлық дегеніміз бір елдің болашағына балта шабатынын жоғарыда айтып кеттік. Бірақ бұл мемлекеттің, үкіметтің ғана мәселесі деп қарау үлкен қателік. Бұл осы елімізде ғұмыр кешіп жатқан, қазақ даласында тұрып жатқан Қазақстан атты  ғажап мемлекетте өз орнын тапқан әрбір адам үшін маңызды дүние. Жемқорлықпен тек қана үкімет, мемлекет емес осы мемлекеттің әрбір тұрғын күрескенде ғана жойылатынын естен шығармау керек. Әрбір адам өз ісіне адал болуы тиіс, ешкім ешкімді «жәкелеп» «ағалап» «паралап» ғұмыр кешпеу керек. Әр адам өз қоғам алдындағы өз жауапкершілгін ұмытпай  сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу керек.

Бiз мүлде жаңа қоғамда өмiр сүрiп жатырмыз. Жаңа қоғамның сипаты iскерлiк болса, бұл жолда жетiстiктерiмiз де аз емес. Ал шешiмi күрделi мәселелер де бар. Ол – әлеуметтiлiк мәселе. Бұл салада қоғам өмiрiнде түбегейлi шешiмi табылмай тұрған мәселе, ол – коррупция. Елiмiзде осы мәселеге арнайы қабылданған заңдар да, атқарылып жатқан жұмыстар да баршылық, бiрақ бұл мәселе әлi толық шешiмiн тапқан жоқ. Сыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселесі болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын  әлемдегі  барлық  елдердің  қай-қайсысын  да  қатты  алаңдататыны  анық.

Қарапайым ғана мысал осыдан біраз бұрын болашақ мамандық жайлы балаларға эссе жаздырғанда кішкентай ғана бір баланың: «Мен жол полициясына 1000 теңге ғана беремін одан көп ақша бермеймін» деген мазмұндағы эссесі тарап кетіп еді ғой. Бұл балаларымыздың да санасына осы жемқорлықтың сіңіп бара жатқанының ең ауыр көрінісі деп ойлаймын. Ол үшін жақсы мектепке беру үшін сөйлесіп келгеніңізді, жақсы балабақшаға орналастыру үшін беретінін беріп келгеніңізді, құжатты жылдам дайындау үшін қыстырып кеткеніңізді, жол көлік ережесін бұзғанда балалардың көзінше теңге ұстатқаныңызды  айтуды  және солай жасауды доғару керек. Бұл әрекеттер  бала санасына сіңбеуі үшін алдымен әр адам өзін тәрбиелеу керек, өзін тәрбиелей отырып сөзін ісін түзеу керек.

 «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Алайда, халық парақорлық дертімен жиі кездеседі. Сондықтан, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет дегеніміз, ол сол тұлғаның қоғам қауіпсіздігіне және игілігіне сыбайлас жемқорлықтың зияны туралы білімін қамтиды. Ол жеке тұлғаның жай ғана сыбайлас жемқорлықты төзбеуі ғана емес, сонымен қатар оны жоюға, онымен күресуге талпынуы болып табылады. Яғни, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – ол жемқорлыққа қарсы белсенді азаматтық позиция.

Азаматтық ұстанымымыздан айнымай «жемқорлыққа жол жоқ!»  – деп айта білейік, сол айтылған сөзді өмірде, қоғамда іске асыра білейік! Жемқорлықсыз мемлекет құру  жолында әр біріміз ат салысуға міндеттіміз!

ГҮЛШАХАР ӨТЕБАЙҚЫЗЫ,

 Шымкент қалалық Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының оқытушысы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған