«КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАРҒА ҚАТЫСТЫ НАҚТЫ ҰСЫНЫС ЕНГІЗУДІ ТАПСЫРАМЫН»

Түркістанда көпбалалы аналарды қолдауға арналған жобалар жанданады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен облыс әкімдігінде кеңейтілген мәжіліс өтті. Күн тәртібінде көпбалалы аналар мен жағдайы төмен отбасыларға көмек беру мәселесі қаралды.

Мәжіліс соңын қорытындылаған облыс әкімі өңірдегі көпбалалы отбасылар туралы нақты ақпаратты дайындаудан бастап, оларға көрсетілетін мемлекеттік, әлеуметтік көмек түрлері сынды барлық қолдауларды анықтауды тапсырды.

– Өтініш білдірген көпбалалы аналарды жұмыспен қамтуға жәрдем беруді, кедейлік шегінен төмен отбасыларға жергілікті бюджет есебінен 5-10 АЕК көлемінде материалдық көмек беру мүмкіндігін қарастырып, нақты ұсыныс енгізуді тапсырамын. Сонымен бірге, мектептерге біріңғай мектеп формасын енгізіп, оның ішінде көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларды тегін формамен қамтамасыз ету бойынша нақты ұсыныс енгізілсін. Облыстық бюджеттен субсидиялау арқылы барлық оқушыларға 50 пайыз көлемінде арзандатылған тамақ ұйымдастыру, тамақтану комбинаттарын құру бойынша да ұсыныстар әзірлеңіздер. Мұнан бөлек, барлық медициналық мекемелерге «Көпбалалы аналар кезексіз қабылданады» деген жарнамалар орнатуды, барлық ауруханаларда көпбалалы аналарға арнайы палата арнауды, сондай-ақ осы санаттағы аналарды заң аясында ауруханаларға порталсыз және кезексіз қабылдану мүмкіндігін қарастыруды және санаторийлерде ем қабылдау үшін заң аясында жолдама бөлуді қарастыруды, сонымен қатар, қымбат медициналық қызметтерді көпбалалы аналарға тегін көрсету бойынша мүмкіндіктерді қарастырып, нақты ұсыныс енгізуді тапсырамын, – деді Ж.Түймебаев.

Тапсырмаларының ішінде аймақ басшысы мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алуға көпбалалы отбасылар тізімін анықтап, бірінші кезекте үй берілу бойынша ұсыныс енгізу жайын да ұмыт қалдырған жоқ. Сонымен бірге, аталған санаттағы аналардың қоғамдық көліктерде жеңілдетілген бағамен жүру билеттерін енгізуді немесе тегін тасымалдануын заңға сәйкес қарастырып, тиісті ұсыныс енгізуді де жауапты мекеме басшыларына жүктеді.

One Comment on “«КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАРҒА ҚАТЫСТЫ НАҚТЫ ҰСЫНЫС ЕНГІЗУДІ ТАПСЫРАМЫН»”

  1. Сәлеметсіз бе! Мысалы менің 6 балам бар. 2010жылы қыркүйектің 23 күні елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтің қол қойған күміс алқа кітапшасын алдым. Содан 2014жылы үй кезегіне тұрғанмын. 2016 жылы барсам сізге болмайды үй кезегіне тұруға себебі 4балаңыз 18 ге толып қойған деп жауап берді. Енді 2016 жылы барып тағыда тұрдым. 2019 жылы барсам болмайды деді тағыда. Менің балаларым 1994. 1996. 1998. 1999. 2003. 2007. Төрт қызым, 2ұлым бар. Екі үлкен қызым тұрмыста, екі қызым студент(комерский де оқиды )Өзім 1968жылы салынған үйде отырмын. Үй күйеуімнің атында. Күйеуім қарапайым жұмысшы мектепте. Өзім 16100 күміс алқаға аламын. Сонда маған үйдің кезегіне тұруға болмайды деді ЦОН. Мен Түркістан облысына қарасты ауыл округінде тұрамын. Балдарыма пасобия бермиді, өрлеу бермиді, себебі күйеуім жұмыс істейді деді. Осыған нақты жауап беріңізші. Сонда маған қандай көмек бар. Жасым 56 да. ұлымның телефонымен жазып отырмын.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған