ӘМИНА АПАЙДЫ ЕШКІМ ҚАЙТАЛАЙ АЛМАЙДЫ

ҚазССР-інің халық артисі Ә. Өмірзақованың туғанына 100 жыл

Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада оқырмандар арасында Қазақ ССР-нің халық әртісі Ә.Өмірзақованың 100 жылдығына орай «Мені халыққа танытқан кино» атты іс-шара болып өтті. Бұл туралы Шымкент қалалық арнайы кітапханасының қызмет көрсету бөлімі хабарлады.

Іс-шарада оқырмандарға аса көрнекті актриса, халқымыздың аяулы перзенті, Қазақ КСР-нің халық әртісі, Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Отан, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері, сахна және кино өнерінің даңқты шебері Әмина Өмірзақованың өнердегі өнегелі жолы таныстырылды. Ә. Өмірзақованың ұлттық сипаты мол шығармашылық жолы – әлемдік өнер дариясына барып қосылатын өзгеше арна. Сондықтан да саңлақ актрисаның кино мен сахнадағы бейнелері қазақ халқы үшін аса қымбат. Әмина апайды ешкім қайталай алмайды. Бұл кісі жүз жылда бір туатын тұлғалардың бірі. Ол өмірдегі қандай қиындық болсын мойымайтын азамат, ақылды апа, дос, жолдас. Еңбек Қызыл Ту орденімен бірнеше медальдардың иегері. Танымал актриса – сахна саласының пірі, мұрат тұтар әрбір жасқа үнемі ақылшы, қамқоршы ұстаз. Ауыр міндетке төзген кісі ғана ұстаздық бейнетті қалап алары қақ. Халқымыздың талантты перзенті Әмина Өмірзақова сондай ұлағатты жан еді.

Әмина Ерқожақызы театр сахнасында 150-ден астам күрделі кейіпкерлердің бейнесін шынайы шеберлікпен сомдап, көптеген көркем фильмдерде басты рөлдерді орындады. Соның ішінде «Ана туралы аңыз», «Тақиялы періште», «Абай әндері», «Гауһартас». т.б.

Қазақ киносының өркендеуіне орасан үлес қосып, кейінгі буынға өлмес мұралар қалдыра білген дара тұлғаның 100 жылдығына арналған шарада Ә.Өмірзақованың айшықты рөлдері мен жарқын бейнесі, ерекше дауысы мен көрнекті көрінісі жиналған оқырманға экран арқылы екі тілде деректі фильмде көрсетілді.

Іс-шараға келген оқырман қауым, қазақ киносының майталманы жайында маңызды мәліметтер мен ауқымды ақпараттар алып, тамырларын шығармашылықпен нәрлендіріп тарасты.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған