Тағдырдың аязы…(әңгіме)

Қыс. Шыққан күннің сәулесімен жерде жатқан ұлпа қар жылт-жылт етіп, әсем күйге бөленіп тұр. Алайда, осындай сұлулықтың суық та ызғарлы аязы бар. Осынау аяздың қайта айналып тәнімді де, жанымды да қақсата тоңдырғанына бес жылдан асып барады. Сұлулық пен аязда қан қақсаған жүрегімнің дүрсілін сен естімеген шығарсың. Тіпті, сол өзің естіген сыңай танытқанда да сен жүрек дүрсілінің не екенін білмеген боларсың, бәлкім. Білмедің де… Олай деуге негіз де бар… Оған өкпелей қоймассың, сірә…

Осындай қақаған аязбен қоса аппақ қардың көңілге қуаныш сыйлайтын әдемілігін көрген сәтімде сені есіме аламын. Осындай аязды күн тағдырымды аяздатып кете барғаның да есімде. Сені ойлағанда көңілімнің түкпірінде бір ызғарлы өкпе мен нала, аязды боран орнап бара жатады. Ал жүрегімде бір жылылық, сені кешіруге себеп іздейтін махаббат, ғашықтық деген сезім әуреге салады. Адамдар «жүрекке әмір жүрмейді» деп жатады ғой. Менің жүрегіме әмірім жүрді дей алмаспын, алайда, тағдырдың әмірі барлығына да жүреді екен. Оның әмірінен асып, оның басыңа салар тәлкегін тәрк етіп еш пенде баласы кете алмасы анық-ау… Менің көңіліме, менің жүрегіме мұң мен сырды, нала мен мұңды тағдыр емес, кейде сен салғандай аласұрам. Өйткені, ол шындық іспетті көрінеді маған. Менің осы азабымның бастауы саған деген сезімім мен сенімім еді…

Есімде, арадан бес жыл өтіп кетсе де дәл бүгінгідей көз алдымда бәрі…

Сол бір шетелдік қымбат көлікке мінген үш досың екеуміз көп қабатты үй бұрышында өмірімізге риза болып тұрған сәтте тағы келді. Мен ол кезде бақытты едім. Күндер-ай десейші. Жүрегімдегі жұмақты сезінген сол кезім қайта оралса деп қалам кейде… Сен де бақытты секілді болып көрінгенсің… Бірақ, сен жай ғана рөл ойнаған әртіс екенсің-ау. Менің шын мәнісінде махаббаттан бал-бұл жайнаған көздеріме тесіле қарап тұрдың, ал менің сезімнен соқыр көздерім сол кездегі көзқарасты маған деген махаббатың деп ұққан екенмін. Ғашықтықтан көз ала алмай емірене қарау деп түсінген екенмін…

— Кеттік пе? – деп сөйлеуге еріне тіл қатқан әлгі үш досыңның бірі көлік терезесінен басын шығарды.

Менің жүрегім дір ете қалғандай болды. Олар о бастан менің жаныма жақпаушы еді. Олардың ессіздіктері, соны ерлік деп білетіндері маған ұнамайтын. Ақшамен барлығын шеше алатындай сезініп, бар құдіретті ақшадан іздейтіндерін жаным сүймейтін. Мен саған жаутаңдай қарап:

— Жаным, осыларға қосылмашы, ұнамайды маған өздері де, істеген істері де… – дей беріп едім, сен күліп:

— Олардың ісінен бізге келетін зиян жоқ қой, жаным-ау. Неге сонша қорқа бересің? — дедің.

— Сенің де басыңды бір пәлеге шата ма деп қорқамын. Қосылмашы осыларға.

— Ештеңе етпейді, уайымдама, — дедің де, қолымнан ұстап сүйрей жөнелдің.

Мен ештеңе ұқпай:

— Қайда? Қайда барамыз? – дей беріп едім, маған жалт қарап:

— Сен мені сүйесің бе? – дедің көздеріңнің отты жанарын қадап.

Мен басымды изедім. Өйткені, сені сүйетінімді мойындаудың өзі мен үшін ұлы бақыт болатын. Сені жүрегімнің түкпіріндегі аялы орынға сақтап қойған едім. Сол сақтаған сезімімді сыртқа шығарып айтудың өзі неткен керемет еді десеңші. Мен мақтанғандай көздерім жайнаң қағып, басымды изей бердім.

— Сүйген адам сене де білу керек! – дедің де, қолымнан сүйрелеп сол қарғыс атқан көлікке мені ала жөнелдің.

Тартыншақтай бердім, алайда сенің қуатты қолдарың қоянды қысқан қасқырдай мені сүйрелеп бара жатты. Арыма мықты болсам да, сенің алдыңда өзгесіне қарсылық білдіре алмайтынмын. Сенің қауқарлы қолдарыңнан босанып шыға алмай, көліктің жанына жеттік. Ішіндегі үшеуі маған жымыңдай қарады. Арамдыққа толы көздерінен жүрегім мұздап бара жатты. Алайда, бұл кезде біз көліктің ішінде қаланың кең жолына шығып та үлгеріп едік. Әлгілердің бірі:

— Бәрі дұрыс па? — деп сұрады.

— Дұрыс, — дедің сен әлдене бітірген жандай кердие жауап қатып.

— Кеттік пе? Қалай көніп тұр ма?

— Көнбесе көндіруге болады ғой, — деп сенің де көздерің солардың жанарындай жылт ете қалған арамдыққа астасып кеткендей болды.

Мен шошынайын дедім. Қорыққанымнан дірілдеп, жаныма жақын, жүрегіме жат емес сенің бауырыңа ене түстім, тығыла түстім. Ал сен әдеттегідей мені жылы құшағыңа алып, бауырыңа баса қоймадың. Мелшиіп отырсың. Одан сайын шошына түсіп:

— Жаным, мені жіберші, менің үйге қайтқым келеді. Біз өзі қайда барамыз? Неге барамыз? – дей бердім. Жүрегім сезген жамандық жақындай түскенін ұққан сайын қорқынышым жанталасқа ұласып барады.

Менің жанталаса шошынғаныма барлығың бірге рахаттана күлдіңдер. Сол кезде сенің бетіңе киген бетпердең сыпырылып түскендей болды. Менің жүрегімдегі маздаған махаббат оты бықсып, қи сасыған түтінге айнала берді. Мен түсіне алар емеспін, арамдық пен сатқындықты, мейірім мен адалдықты танбай танитын жүрегімнің қателескенін ұғына алмай дал болдым. Сен көз алдымда өзгердің. Анамның «Екіжүзді екенсің!» деп әкемнен ажырасып кеткені есіме түсті. Сол сәтте екіжүзділіктің не екенін ұқпаған мен енді соның куәсі болып тұрғандай едім. Мен сонша уақыт ұқпаған анамның сол сөзінің түп төркінін, астарының мәнін енді ұқтым. Мен екіжүздінің ермегіне айналғанымды сонда барып білдім. Қорқыныш пен қасіретім араласып, жанталаса түсемін. Алайда, құрғыр жүрек, сені сүйген сорлы жүрек әлі де үмітін үзе алмай: «Жо-жоқ, олай емес… Олай істей алмас, сірә… Оны мен құлай сүйдім ғой… Олай болмайды, олай болуы мүмкін емес…» деп бұлқынып жатыр. Бұлқына түсті…

Қақаған аязда қарғыс арқалап, бір ғашық жүректің қасіретін арқалаған көлік қала сыртындағы үйдің қақпасынан ішке кіріп бір-ақ тоқтады. Ду күлкі, мені сүйрелей түскен қуатты қолдар, жалына түсіп саған жаутаңдай қарап: «Неге? Не үшін? Мұның не сенің? Мен пәкпін, адалмын ғой… Қойыңдаршы… Тиіспеңдерші…» деп жалына түстім, жылай түстім… Менің жылай айтқан мұңды дауысымды естімеген жандайсың…

Дір-дір етем. Айқайлай күліп, мәз болған екі аяқты айуан досыңның бірі етегімді көтере берді. Сен жалт қарап:

— Алдымен мен… – деп міңгір ете қалып едің, ол қарқылдай күліп:

— Жоқ, мына мен! Мен! – деп кеудесін қақты да, менің үстіме қонжия түсті…

Сен оны тоқтата алмадың… Сол сәтте сенің көзіңнен маған деген аянышты емес, мені алғаш иемдене алмағаныңа деген өкінішті көрдім… Мен тірі өлікке айналып бара жаттым… Арымның тапталғаны — жанымның тапталғаны еді… Мен ештеңе сезіне алмадым, сезуден қалдым. Екі аяқты ана тумағандай озбырлыққа барғандар бірінен соң бірі білгендерін істеп жатты… Екі көзің қызарып сенің де жақындағаныңды көрдім… Ары қарай талықсып бара жаттым. Сорлы жүрек сүйгенінің сұрқиясын көтере алмады ма, әйтеуір екі көзім қарауытып бара жатты…

Бетіме шашылған мұздай судан көзімді аштым. Барлығың мені мазақ қылған анайы үнмен күле түстіңдер. Ал мен қызыл қанға боялған ақ жайманың үстінде жатыр едім… Қой өңгергендей қақаған аязда иығыңа салдың да, көліктің ішіне атып ұрғандай еттің. Мен киімімді дір-дір ете жолда кидім… Ал мұзды жолда тайғанақтамастан келе жатқан қарғыс атқан көлік қалаға қарай зулап келе жатты. Менің жүрегім босап қалғандай, оның ішінде махаббат та, шапағат та қалмаған, күңіренген абыздың мұңды үні естілгендей еді…

Меңіреу жанша үйге келдім. Есікті ашқан анамның бауырына тығылып:

— Мен тоңдым, мені тағдырдың аязы тоңдырды… – деп еңірей бердім…

Анам барлығын да түсінді. Қыз абыройының ақысын іздеген сорлы анам оның енді орнын ештеңе толтыра алмасын ұққандай еді.

Арадан екі ай өткенде мен жасы қырықтан асқан, басын ақ шалған, маған әке болуға жарарлық жанның жары боп кете бардым. Анамның шешімі солай болды. Тағдыр аямаған, сен аямаған қыз абыройының ақысын ешкімнен ала алмасын ұқты. Сондықтан мен сол шешіммен келістім…

Күндер өтуде. Жиырма үш жас үлкен салиқалы жанның жарымын. Бес жыл болды, сол сен салған арымның жарасы, жанымның жарасы жазылмады. Мен ана бола алмаймын, айуандықтан алтын құрсағым былғаныпты, сендер былғапсыңдар… Тағы да қаһарлы қыс, тағы да аяз, жаным жылайды, оны ешкім де жұбата алмас, сірә… Мен сені көрдім, қақаған боранда бүрсең қағып қоқыс салатын жәшікті ақтарып жатыр екенсің, көздеріңнен таныдым… Сол қақаған боранда маған тесіле қараған көздерің сол қалпы өзгермепті. Тек мүсәпір күй кешіп жүр екенсің… Бірақ, бұл көрініс те менің жылаған жанымды, жылаған жүрегімді жұбата алмады… Енді ештеңе жұбата алмас…

Нұрсұлу ТӨРҚҰЛТЕГІ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған