СУҒА ТҮСУ – БІР ЖАҒЫНАН ДЕМАЛЫС, ЕКІНШІ ЖАҒЫНАН – ҚАУІПТІ

Аптап ыстықта шомылушылардың саны артатыны белгілі. Дегенмен суға түсу бір жағынан демалыс болғанымен, екінші жағынан қауіпті. Қауіпті болатын себебі – қауіпсіздік ережелеріне немқұрайлы қарау, сақталмау.

Өкінішке қарай, жыл басынан бері Түркістан облысында суға кеткен 30 жан анықталған. Оның 22-сі жас бала. Осындай оқыс оқиғаның алдын алу мақсатында Төтенше жағдайлар мен Түркістан қалалық полиция басқармасы ескерту жұмыстарын жүргізуді тоқтатқан емес.

Қазіргі кезде туристер мен демалушылар көп келетін Шаға жағажайында суға бату фактісі тіркелмеген. Оған себеп құтқару қызметі мен күшейтілген кезекшіліктің арқасында.

– Қазіргі жағдайға дейін осы департамент қызметкерлерінің күшейтілген кезекшілігінің арқасында оқыс оқиға орын алмады. Ондай оқиға тіркелген жоқ. Дегенмен демалушылардың арасында балаларын қараусыз қалдырғандар болды. Бірақ біздің құтқарушылардың дер кезінде әрекет етуінің арқасында қайғылы оқиға орын алған жоқ, – дейді Түркістан облысы Төтенше жағдай департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының міндетін уақытша атқарушы, майор Оразбай Шералыұлы.

Мамандардың айтуынша, аптаның соңына дейін күннің ыстығы 45 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Аптап ыстықта адамдар салқындайтын жағажай іздейді. Сондықтан қала тұрғындарына алғашқы көмек қалай беру қажет екені көрсетілді.

Онымен қоса, рейд кезінде Арыс-Түркістан каналдарында заңсыз суға шомылған екі азамат анықталды. Оларға анықтама қағазы беріліп, түсіндірме жұмысы жүргізілді.

Ескерте кетейік, бұған дейін рейдтік шаралар кезінде әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 364 және 440-баптары бойынша 19 азаматқа шара қолданылған.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған