ТҰРҒЫНДАРДЫҢ НАЗАРЫНА, ШОМЫЛУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ!

Суға шомылу кезінде өзін-өзі дұрыс алып жүру ережелерін сан-алуан еске салу мен алдын ала сақтандыруларға қарамастан, күн ысыған маусымнан бастап, өкінішке қарай, суға батып кету оқиғалары орын алатындығы белгілі. Осындай жайттардың алдын алу мақсатында Сарыағаш ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері, №14 Өрт сөндіру бөлімі қызметкерлері және Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері жұмыла жұмыс жасауда.

Шомылу маусымы аясында Сарыағаш ауданының тұрғындарына су айдындарында суға тусу кезіндегі қауіпсіздік шараларын сақтау, су айдындарында жас балаларды қараусыз қалдырмау бойынша үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар шомылуға тыйым салынған орындарға рейдтік іс-шаралар жүргізіліп, аудан тұрғындарына, жас балаларға шомылуға тыйым салынған орындарда шомылуға болмайтындығын хабарланды. Шара барысында кәмелет жасына толмаған 27 бала ата-аналарының қолына тапсырылды және ескерту жасалды.

Ескерте кетейік, көбінше суға кететіндер – жүзе білмейтін немесе нашар жүзетіндер, балалар. Суда қандай қауіпсіздік шаралары ұсынылады? Ең алдымен, барлық жанұя мүшелерінің суда жүзуді білгендері абзал. Кішкене балалар тіпті саяз суда да тұншығып қалуы мүмкін. Сондықтан оларға өз беттерінше шомылуға рұқсат етуге болмайды. Өздеріңіз білмейтін, таныс емес су айдындарында суға сүңгуден алдын, су тереңдігін және су түбінің тазалығын тексеріп алу қажет. Ағысы қатты жерлерде шомылмаған дұрыс. Барлық уақытта құтқару құралын дайындықта ұстап жүру қажет.

Суға батып бара жатқан адамға көмек берудің әртүрлі тәсілдері бар. Әйтсе де олардың бірде-бірі барлығына пайдалануға болатын жан-жақты тәсіл болып саналмайды. Олардың ішінен сол мезеттегі жағдайда сіз қолдана білетін ең қауіпсізін және тиімдісін таңдап алуыңыз қажет.

Суға тұншыққанда көрсететін алғашқы көмек:

– зардап шеккен адамның басын жанына қарай бұрып, аузын құм мен лайдан тазартамыз, тыныс жолдары мен асқазанындағы суды шығарамыз;

– 5 секундтың ішінде тыныс әрекеті мен тамыр соғуының бар жоғын анықтаймыз;

– мойнының астына, оның басы арқасына қарай шалқайып жататындай етіп киім-кешектерді орап қоямыз. Зардап шегушінің танауын қысып тұрып «ауызбен-ауызға» тәсілімен жасанды тыныс алдырамыз. Үрлеу жиілігі минутына 12-15 рет болуы керек;

– жасанды тыныс алдырумен қатар жүрегіне сырттай массаж жасау қажет.

Естеріңізде болсын!

Зардап шегушіні тынысы тоқтаған мезеттен 6 минуттың ішінде ғана өмірге қайтаруға болады.

Судағы қарапайым ережелерді сақтау – Сіздің қауіпсіздігіңіздің кепілі.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған