«БІРЛЕСЕ БІЛГЕН ЕЛ – БӘРІН ЖЕҢЕДІ»

Қазығұрт ауданында жаңбыр суы тасқынына байланысты Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері азаматтық белсенділік танытып, нөсер жауыннан зардап шеккен елдімекен тұрғындарына қайырымдылық көмек көрсетті. Аталған қайырымдылық шарасына Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері мен өңірдегі 40-қа жуық этномәдени бірлестік өкілдері ұйымшылдықпен атсалысты. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Игі шараға қатысушылар Сарапхана және Заңғар елдімекендерінде болып, су тасқынынан зақымданған үйлерді, қора-қопсыларды ретке келтіріп, аулаларын лайдан тазартты. Сонымен қатар облыстық ҚХА мүшелері зардап шеккендерге азық-түлікпен және қаржылай қолдау көрсетті.

– Өзара көмек, жәрдем, ынтымақтастық бізді біртұтас халық етеді. Қазығұрт ауданында болған бұл апатқа бей-жай қарамай, өз үлесімізді қосайық деп шештік. Әрине, мемлекет тарапынан да қажетті көмек берілуде. Президент тапсырмасымен, облыстық комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр. Таяуда ғана облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев осы ауданға келіп, қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Тұрғындардың талап-тілегі мен өтініштерін тыңдады. Ешбір тұрғын көмексіз қалмайтынын айтты. «Бірлесе білген ел – бәрін жеңеді» дегендей, бұл апатты да бәріміз бірге еңсеріп, жақын арада барлығы жақсы болады деген сенімдеміз, — деді Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Райымжан Қошқаров.

Осы орайда, ауыл тұрғындары қайырымдылық шарасының басы-қасында жүрген барша азаматтарға алғыстарын айтып, ризашылығын білдірді.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған