«БҰЛ – БІЗДІҢ ЖАҢА ДӘУІР СЫН-ҚАТЕРЛЕРІН ҚАРСЫ АЛАТЫН ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ КОДЫМЫЗ»

Кентау қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» жобасы аясында облыстың зиялы қауым өкілдерімен кездесу өтті. Мазмұнды іс-шараны Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Ерназар Баетов ашып, жүргізіп отырды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жастармен кездесуде сөз алған Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың профессоры, филология ғылымдарының докторы Сейдулла Садықов «Қазақтану» жобасының маңыздылығына тоқталып, жастарды отаншыл болуға шақырды.

– «Қазақтану» жобасы елімізде мекен ететін этностар арасында қазақ халқының тарихын, дәстүрлерін, өзіндік принциптерін дәріптеуге бағытталған. Бір сөзбен айтқанда, елді біріктіретін ұлттық бірегей жоба. Бұған өздеріңіз секілді жас буын да өз үлестерін қосуы тиіс. Қазақстанның әрбір азаматы қазақ халқының ең жақсы қасиеттерін – қонақжайлылығын, көзқарасының кеңдігін үлгі тұтқаны жөн. Этностық қатыстылығына қарамастан барлық адамдарды бауырына тартатын кең пейілін дәріптеп, сенім мен достықты бойына сіңіре білуі тиіс. Бұл – біздің жаңа дәуірдің сын-қатерлерін қарсы алатын жалпыұлттық кодымыз, – деді С. Садықов.

Басқосу ары қарай сұрақ-жауап түрінде өрбіп, жиынға қатысушылар өзекті мәселелер төңірегінде өзара пікір алмасты. Жиынды қорытындылаған «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Ерназар Баетов «Қазақтану» жобасы рухани жаңғырудың жарқын үлгісі екенін атап өте келе, бұл бағытта күш біріктіріп бірлесе жұмыс істеуіміз керек деген пікірін жеткізді.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған