ЖЕҢІСТЕРІҢІЗ ҚҰТТЫ БОЛСЫН, ҚАЗАҚ ЕЛІ!

Кәсіпқой бокста енді ғана алғашқы қадамдарын жасап жүрген қандасымыз Жәнібек Әлімханұлының аяқ алысы тәуір. Ә дегеннен шын шеберлермен жұдырықтасуды құп көрген қазақ жігіті жарап тұр. Бүгін АҚШ-тың Техас штатында бесінші жекпе-жегін өткізген ол «Хитмэн» деген лақап аты бар жергілікті боксшы Стивен Мартинесті естен тандырды.

Иә, естен тандырды. Ұрып құлатқан жоқ. Құлатуға шамасы жетіп-ақ тұрды. Бірақ қарсыласты құлатуды Жәнібектің өзі қаламады. Шаршы алаңда көбірек болуға тырысып, 18 жекпе-жек өткізіп үлгерген қарсыласпен «мысық-тышқан» ойнады.

Мартинесті үшінші раундта бір тізерлеткен болатын. Кездесуді соза түсу үшін қарқынын бәсеңдетіп еді, бәрібір болмады. Бесінші раунд басталған тұста жасаған Жәнібектің соққылары ауыр тиіпті. Стивенс сұлап түспегенімен, соққы жасау былай тұрсын, қорғанудан қалды. Шәкіртінің жағдайын бірден ұққан америкалықтың бапкерлері жеңілісті мойындап, шаршы алаңға ақ матасын лақтырды.

Жәнібектің шаршы алаңдағы өзін-өзі ұстауы, жұдырықтасу тәсілі, әдіс-айласы жергілікті жанкүйерлерге қатты ұнады. Олар жерлестеріне қолдаудың орнына қазақ жігітінің әр соққысына қошемет білдірумен болды. Бұл шын мықтыға көрсеткен көпшіліктің құрметі деп түсіндік.

Өзінің жекпе-жектері мен дайындықтары жайлы инстаграм арқылы жиі хабарлап жүретін Жәнібек осы кездесуден кейін де кезекті жолдауын жасады.

«Жеңістеріңіз құтты болсын, Қазақ елі! Бұл жекпе-жекке жақсы дайындалдық. Америкалық жанкүйерлерге өзіміздің қазақ бокс стилін танытып, шоу көрсетіп жатырмыз. Барша қазақстандықтарға, көгілдір экран алдында қолдап отырған жанкүйерлерге алғысымды білдіремін. Бұйыртса, қазақ бокс стилін әлемге таныту үшін еңбек етеміз, тер төгеміз. Алдағы жекпе-жектерде де аянбай, бар күш-жігерімізді саламыз!» – деді ол.

Біз де батырымызға сәттілік тілейміз! Қазақ бокс стилін алда әлемнің талай мықтыларына мойындатады деген сенімдеміз. Жәнібек алға! Алға қазағым!

Мұрат СЕРІКБАЙҰЛЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған