ГОЛОВКИН МЕН АЛЬВАРЕС ҮШІНШІ РЕТ ЖҰДЫРЫҚТАСА МА?

Көптеген бокс мамандары мен жанкүйерлердің көкейінде жүрген бұл сұрақтың жауабы жақын күндері анықталуға тиіс. Себебі, жекпе-жектің өту-өтпеуіне тікелей ықпал ете алатын «Golden Boy» промоутерлік компаниясының басшысы Оскар де ла Хойя жақсы жаңалықтың үшін шығарды.

Белгілі болғандай, жекпе-жектің өтуіне мексикалық боксшының командасы қызығушылық танытып отыр. Сауль Альварес «Синко де майо» мерекесіне орай 4 мамырда жекпе-жек өткізуге ниет білдірген екен.

– Біз «Синко де майо» мерекесінің құрметіне үшінші жекпе-жек өткізу жөнінде Головкиннің командасына ұсыныс жасадық. Себебі, бокс үшін бұл Лас-Вегаста маңызды күн. Сол үшін де біз келіссөзді бастадық. «Канело» қарсыласының кім болғанына қарамастан жұдырықтасуға дайын. Олардың үшінші жекпе-жегі екеуі үшін де ұйымдастыруға тұрарлық мүмкіндік. Келіссөз басталды, оның соңы не боларын көрейік, – деді Де ла Хойя «ESPN Houston» радиосына берген сұхбатында.

Қалай десек те, жекпе-жектің өту мүмкіндігі жоғары екенін мойындауға тиіспіз. Одан екі тараптың да ұтылмайтыны түсінікті. Альварес нокаутқа түспесе, өткен екі кездесудегідей есептің өз пайдасында болатынын біледі. Ал Головкинде жоғалтатын ештеңе жоқ.

Мұрат СЕРІКБАЙҰЛЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған