ӘЙГІЛІ ӘЙЕЛДЕР ДЕ ҰРЛАЙДЫ

Әдетте «ұры» десе, жеткіншектер, бетін бүркеп алған жігіттер, қолының сұғы бар ер кісілер көз алдымызға келеді. Көп жағдайда нәзік жандыларды бұл қылмыстың түріне қия бермейміз. Бірақ әйелдер арасында да көрсетпей, естіртпей «сұрап алатындар» көп екен.

Ұрылар өз «кәсіптерімен» адам көп жүретін орындарда айналысады. Мысалы, үндістандық полиция метрода қалтаға түсетін 466 ұрыны ұстаған. Қызығы сол, оның 421-і әйел болып шыққан.

Үндістандағы жағдайға түсіністікпен қарауға болатын шығар. Халқының басым көпшілігі кедей болғандықтан, күнкөрістің осы жолын таңдауға мәжбүр. Бірақ «бұл бай адам ұрлыққа бармайды» дегенді білдірмейді. Дәулеттісі былай тұрсын, бүкіл әлемге әйгілі әйелдер де анда-санда өзі қызыққан затты тегін алуды қалайды екен.

Голливуд жұлдызы Меган Фокс жас кезінде ерінге жағатын жылтырақты жымқырамын деп ұсталып қалған. Достарының айтуынша, ол тәттіні жиі ұрлап жейтін болған. Бірақ бұл істі танымал болғанға дейін жасаған екен.

Есесіне, танымал болып үлгерген Вайнона Райдер сұғанақтығымен көзге түсті. Дүкендегі әшекейлердің бағасы жазылған қағаздарын жұлып тастап, сөмкелеріне салып жатқанында қолға түскен. Соның салдарынан актриса ірі көлемде айыппұл төлеп, 480 сағатын қоғамдық жұмысқа арнаған.

Әйгілі әнші Бритни Спирске не жоқ десеңізші. Бір жылдың ішінде 58 миллион доллар тапқан өнер иесі біреудің дүниесін неге тегін алғысы келеді екен, а?! Бағалы зат болса мейлі, Бритни 200 долларлық жейде мен тетікті шақпақты жымқырмақ болған кезде ұсталған.

2500 долларлық алқа үшін Линдсей Лоханның басы дауға қалған. Әртіс алқаны уақытша пайдаланғаны үшін ақысын төлемек болғанын айтса, дүкеннің қожайындары бағалы дүниені мойнына таққан күйі шығып кетпек болғанын байқапты.

Жоғарыда есімі аталғандардың жанында әртіс әрі әнші Кортни Лавтың қолды етпек болғаны – бағалы дүние. 100 мың доллар тұратын әшекейді қарызға алып, ақшасын қайтаратын сәт келгенде сараңдық танытқан ұқсайды. Бұл оқиға да батыстық басылымдарға біраз уақыт азық болған.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған