«AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының кәсіп бастауына нақты мүмкіндік беріп, ауылдарда жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашып отыр. Осы бағытта жүзеге асқан нақты жобалардың бірі –Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында жас кәсіпкер Мадияр Смайылдың наубайхана ісі. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Кәсіп бастауды мақсат тұтқан Мадияр Смайыл отбасымен ақылдаса отырып, өзі туып-өскен Рабат ауылында халықты күнделікті қажетті өнім – ыстық нанмен қамтамасыз етуді ойластырды. Нан өндірісі саласын зерттеп, сұранысты саралай келе бизнес жоспарын түзді. Кәсіпкердің бұл бастамасы «Ауыл аманаты» жобасының аясында қолдау тауып, 9 млн. теңге көлемінде жеңілдетілген несиемен қамтылды.
Мемлекет бөлген қолдау қаражатқа жас кәсіпкер қажетті жабдықтар алып, жеке наубайхана цехын іске қосты. Бүгінде ЖК «Мадияр» атауымен жұмыс істейтін шағын кәсіпорын күніне 150-200 дана таба нан шығарып, ауыл тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз етіп келеді. Бастама отбасылық кәсіпке айналды, цехта дайындалған ыстық нан ауыл халқының күнделікті дастарханына жол тартып, жергілікті жұртшылықтың алғысына бөленіп отыр.
Жақында аталған наубайхананың жұмысымен «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, аудан басшылығы және аудандық партия филиалының жауапты азаматтары арнайы барып танысты. Олар кәсіпкердің жұмыс барысын көріп, жобаның ауылдағы нақты нәтижесіне оң бағасын берді. Алтынсары Дүйсенбекұлы өз сөзінде партия бастамасының маңыздылығына тоқталып, «Ауыл аманаты» жобасы ауылдағы азаматтарға өз кәсібін бастап, тұрақты табыс табуына мүмкіндік беретін нақты тетік екенін айтты. Партиямыз еңбекқор, талапты жастарға әрқашан қолдау көрсететінін жеткізді.
Өз кезегінде кәсіпкер Мадияр Смайыл жобаға деген ризашылығын білдіріп, «AMANAT» партиясының жобасы ауыл азаматтарын қолдауға бағытталған нақты әрі нәтижелі бастама екенін айтты. «Ауыл аманаты» арқылы көптеген ауыл тұрғындары кәсіпкерлікке бет бұрып, өз ісін ашуға мүмкіндік алып отырғанын атап өтті.
— Бұрын өз кәсібімді ашуды армандайтынмын. Оған қаржы мен мүмкіндік болмады. «Ауыл аманаты» жобасы маған нақты жол ашты. Жоспарымды қорғап, қолдау таптым. Бүгінде өз цехымды іске қосып, ауыл тұрғындарын нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отырмын. Ең бастысы – тұрақты табыс пен болашаққа сенім пайда болды. Алдағы уақытта өндірісті кеңейтіп, жұмыс орындарын көбейтуді жоспарлап отырмын, — дейді ол.
Кәсіпкер ауылда өндіріліп жатқан өнімдердің тұрақты өткізу нарығын қалыптастыру бойынша нақты ұсынысын да білдірді. Оның айтуынша, жергілікті деңгейде қолдау болып, ауылда өндірілген өнімдер мектептерге, балабақшаларға, ауруханаларға және басқа да әлеуметтік нысандарға жеткізілуіне ықпал жасалса, көптеген шағын кәсіпорындар үшін үлкен серпін болар еді деген үмітін жеткізді.
«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы кәсіпкер білдірген бұл ұсынысты үйлестіру кеңесінің отырысында салалық атқарушы мемлекеттік органдардың қатысуымен қарастыратын болады.

