Түркістанның жаңа бренді: Қасқасуда әлемдік деңгейдегі экологиялық тау-курортты қала салынбақ. Түркістан облысында туризм саласын жаңа деңгейге көтеретін ауқымды жоба қолға алынбақ. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров тау туризмі мен курорттық инфрақұрылым саласындағы халықаралық жетекші компания басшылығымен кездесіп, Қасқасу тауларында жүзеге асырылатын бірегей демалыс аймағының тұжырымдамасын жан-жақты талқылады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Келіссөздер барысында тараптар өңірдің туристік әлеуетін толық пайдалануға мүмкіндік беретін, халықаралық деңгейдегі тау-шаңғы курортты кластер құру мәселелерін қарастырды. Бірлескен жоба жүзеге асқан жағдайда Қасқасу Қазақстандағы ғана емес, Орталық Азиядағы ең тартымды туристік орталықтардың біріне айналмақ.
Жоспарға сәйкес, теңіз деңгейінен 3200 метр биіктікте орналасқан тау бөктерлерінде әлемде теңдесі жоқ экологиялық демалыс аймағы бой көтереді. Курорт аумағында мұз пішінінде салынатын ерекше қонақүйлер, отбасылық демалыс аймақтары, бизнес-кластерлер, ойын-сауық және спорт нысандары орналастырылады.
Жобаның басты ерекшелігі – құрылыс барысында табиғатқа зиян келтірмейтін, толықтай экологиялық таза технологиялар мен табиғи материалдарды пайдалану. Нысандардың басым бөлігі тас, ағаш және қоршаған ортамен үйлесетін өзге де табиғи материалдардан тұрғызылады. Бұл тәсіл табиғи ландшафтты сақтап қана қоймай, өңірдің ерекше келбетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Курорт бірнеше функционалды аймаққа бөлінеді. Туристерге ыңғайлы болу үшін заманауи аспалы жолдар салынып, тау шыңдары мен негізгі демалыс нүктелерін байланыстыратын инфрақұрылым қалыптастырылады. Сонымен қатар жыл он екі ай бойы жұмыс істейтін нысандар қарастырылған. Осылайша Қасқасу тек қысқы спорт түрлерінің орталығы ғана емес, төрт мезгілде де келушілерді өзіне тартатын мега жобаға айналмақ.
Жобада табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Соның ішінде көлемі шамамен 3 миллион текше метр болатын су сақтау жүйесін құру жоспарланып отыр. Арнайы инфрақұрылым арқылы қар мен мұз суларын жинақтап, шомылу аймағына айналдыру көзделген.
Болашақ курорттың барлық қызметі цифрлық технологиялармен басқарылмақ. Ақылды жасанды интеллект жүйелері туристік ағындарды реттеу, қауіпсіздікті бақылау, энергия тиімділігін арттыру және сервистік қызметтердің сапасын жақсарту үшін пайдаланылады. Сарапшылардың пікірінше, бұл жоба Қазақстандағы ең технологиялық туристік нысандардың біріне айналуы мүмкін.
Сарапшылар Қасқасу жобасын Франциядағы әйгілі Куршевель курортының қазақстандық баламасы ретінде бағалап отыр. Алайда жаңа курорттың басты артықшылығы – оның ұлттық ерекшелікті сақтай отырып, табиғатпен үйлесімді дамуы. Құрылыс кезеңінде және нысан пайдалануға берілгеннен кейін 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Кездесу барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірде туризмді дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
– Түркістан облысы – тарихи мұрасы бай, табиғи әлеуеті зор өңір. Қасиетті мекенімізде күллі түркі әлемінің рухани орталығы саналатын Ясауи кесенесі, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген тарихи-мәдени нысандар шоғырланған. Сонымен қатар Сарыағаш секілді емдік қасиетімен танымал шипажайларымыз, табиғаты көркем тау бөктерлері мен ерекше туристік бағыттарымыз жеткілікті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз өңірде туризмді дамытуға ерекше басымдық беріп келеміз. Негізгі мақсатымыз – тарихи, мәдени және табиғи артықшылықтарымызды тиімді пайдалана отырып, Түркістанды халықаралық деңгейдегі туристік орталыққа айналдыру. Осы тұрғыда Қасқасу жобасының маңызы зор. Бұл тек демалыс орны ғана емес, өңір экономикасына серпін беретін, мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашатын, инвестиция тартатын және Түркістанның жаңа брендіне айналатын ауқымды жоба болмақ. Ең бастысы, жоба табиғатты сақтай отырып, заманауи технологияларды енгізу арқылы тұрақты туризм қағидаттарына негізделеді. Бұл бастама Түркістан облысының ғана емес, бүкіл Қазақстанның туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі.
Жоба жүзеге асқан жағдайда Қасқасу тау-курортты қаласы Түркістан облысының жаңа брендіне айналып, Қазақстанның туристік картасындағы ең ірі тартылыс орталықтарының бірі болмақ. Табиғатпен үндескен заманауи инфрақұрылым, жоғары технологиялар, ерекше сәулеттік шешімдер мен халықаралық стандарттарға сай сервис өңірдің туристік әлеуетін жаңа белеске көтереді.

