Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының негізгі драйверлерінің бірі. Соңғы 8 жылда Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2,2 есе артып, 1,2 трлн теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш 2018 жылы 551,1 млрд теңге болған. Жалпы өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі бойынша Түркістан облысы республикада көш бастап келеді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Агроөнеркәсіп кешеніне 1 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылды. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 106 мың гектарға ұлғайтылып, 919,4 мың гектарды құрады. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2018 жылы егіс көлемі 813,5 мың гектар болған.
Мемлекет басшысының су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу жөніндегі тапсырмасы аясында биыл 27 мың гектар жерге енгізу жоспарланған болатын. Алайда бұл көрсеткіш 50 мың гектарға жеткізіліп, жоспар екі есеге жуық артығымен орындалмақ. Нәтижесінде су үнемдеу технологиялары енгізілген жалпы алқап 164 мың гектарды құрап, 280 млн текше метр ағын су үнемдеуге қол жеткізіледі.
Мақта өнімін тек шикізат ретінде экспорттауға тәуелділікті азайтып, дайын өнім өндіруге көшу мақсатында өңірде мақта-тоқыма кластерін құру жобасы іске асырылуда. Облыста жалпы құны 201 млрд теңгені құрайтын 5 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Нәтижесінде жылына 229,5 мың тонна дайын өнім өндіріліп, 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр. Осы бағытта «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» ЖШС-ның ірі инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында 11 зауытты іске қосу жоспарланып, бүгінде 5 зауыт іске қосылды. Атап айтқанда, 2 мақта өңдеу зауыты, тамшылатып суару таспаларын өндіретін зауыт, ПВХ құбырларын өндіретін зауыт, жіп иіру фабрикасы пайдалануға берілді. Жаңа су үнемдеу технологиясымен 52 мың гектарға мақта егілді. Жоба аясында 1 200 адам жұмыспен қамтылды. Одан бөлек, мақта кластері аясында 2026-2028 жылдар аралығында 4 жоба жүзеге асырылмақ. Нақтырақ айтқанда өңірде тоқыма фабрикасы, жіп өндіру кәсіпорнындары, шитті мақтаны қайта өңдеу зауыты салынады.
Жүгері кластерін дамыту аясында Шардара ауданында жылына 150 мың тонна жүгері өңдейтін зауыттың құрылысы аяқталды. Кәсіпорында крахмал, сірне, тағамдық глюкоза, жүгері майы және түйіршіктелген құрама жем секілді 20-дан астам өнім түрі өндіріледі. Зауыт өнімдерін ішкі нарыққа жеткізумен қатар, Азия және Еуропа елдеріне экспорттау жоспарланып отыр.
Түркістан облысында жылыжай шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Бүгінде жылыжайдың жалпы көлемі 1006,7 гектарды құрап, Түркістан облысының республикадағы үлесі 72 пайызға жетті. Өткен жылы жылыжайлардан 113 мың тоннадан астам көкөніс өнімі жиналып, маусымаралық кезеңде ел қажеттілігінің 45 пайызын қамтамасыз етті. Ал осы жылдың алғашқы 4 айында 38,2 мың тонна өнім жиналды.
Өнеркәсіптік жылыжайларды дамыту бағытында жалпы құны 534,2 млрд теңгені құрайтын 3 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар нәтижесінде 1 225 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сонымен қатар жылыжай өнімдерінің өндірісі қосымша 102 мың тоннаға артып, маусымаралық кезеңде республика халқын отандық көкөніспен 100% қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары жылыжай шаруашылықтары субтропикалық дақылдарды өсіру технологияларын меңгеріп, табыстылығы жоғары өнім түрлерін өндіруге көше бастады. 2025 жылы жылыжай шаруашылықтарынан 550 тонна банан, 3,2 мың тонна лимон, 13 мың тонна құлпынай өндірілді.
Мал шаруашылығының дамуы бойынша облыс республикада жетекші орында. Республикадағы ұсақ малдың 20 пайызы (5224,5 мың бас), ірі қара малдың 13 пайызы (1249,6 мың бас), түйенің 14 пайызы (44,8 мың бас), жылқының 10 пайызы (530,9 мың бас) және құс басының 5 пайызы (2260,2 мың бас) Түркістан облысының үлесінде. Сонымен қатар экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 80 пайызы, қой етінің 75 пайызы облыстың еншісінде. Осы жылдың алғашқы 5 айында 4,2 мың тонна ірі қара мал еті, 9,4 мың тонна қой еті экспортқа бағытталды.
Ет кластерін дамыту бағытында 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Аталған жобалардың нәтижесінде жылына 18 мың тонна ет, 90 мың тонна өңделген ет өндірілмек.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2023-2025 жылдарға республикалық бюджеттен 30,2 млрд теңге қаржы қаралды. Биыл 7 бағыт бойынша 1 115 жобаға республикалық бюджеттен 15,3 млрд теңге несие беру жоспарланған.

