Түркістан облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысы өтті. Жиынға комиссия мүшелері, басқарма басшылары, құзырлы орган өкілдері, сондай-ақ аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары мен қалалық комиссия мүшелері селекторлық форматта қатысты. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Комиссия отырысын облыс әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Ертай Алтаев ашып, күн тәртібіндегі маңызды мәселелерге тоқталды.
Отырыста әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі және оны төмендету, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, ғылым және инженерия салаларында қыздарды қолдау бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру барысы қаралды.
Жиын залындағы талқы, сарапқа салынған сандар мен бағдарламалар есеп үшін емес, елдің ертеңі үшін жасалып жатқан қадамдардың көрінісі. Әйелдер арасындағы жұмыссыздық мәселесі — тек экономикалық көрсеткіш емес, бұл — шаңырақтың шаттығы мен ұрпақ тәрбиесінің тұрақтылығы. Осы орайда, нәзік жандылардың әлеуетін арттырып, оларды тұрақты жұмыспен қамту және кәсіпкерлікке баулу бағытындағы мемлекеттік қолдаулардың тиімділігі жан-жақты сараланды.
Әйел заты табиғатынан батыл әрі ұқыпты. Десе де, заман ағымына қарай олардың ішкі қуатын ояту, кәсіп бастауына демеу болу — уақыт талабы. Бүгінде мемлекет ұсынып отырған түрлі бағдарламалар тек жұмыс орнын тауып берумен шектелмейді, бұл — әйелдердің өз бұлағының көзін ашып, өз ісінің иесі атануына жасалған үлкен мүмкіндік. Жиында айтылғандай, гранттар мен төмен пайымды несиелер, кәсіптік оқыту курстары талай ананың тағдырына оң өзгеріс әкелгені даусыз.
Десек те, атқарылған істің сәулеті мен нәтижесін бұдан да жоғары деңгейге көтеру үшін бағдарламалардың тиімділігін үнемі електен өткізіп отыру қажет. Әйелдерді кәсіпкерлікке тарту — тек олардың табысын арттыру емес, бұл — қоғамдағы игілік пен берекенің еселенуі. Өз кәсібін дөңгелетіп отырған ана өзіне ғана емес, айналасына да шуағын шашады, өзге қыз-келіндерге жұмыс орнын ұсынып, қанаттандырады.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Самат Байғұтов, Түркістан облысы полиция департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Жанаев пен облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов және өзге де жауыпты өкілдер баяндама жасады.
Жиын барысында әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі талқыланып, әйелдерді тұрақты жұмыспен қамту және кәсіпкерлікке тарту бағытындағы жұмыстар сараланды. Сонымен қатар әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту мәселелері сөз болды. Комиссия мүшелері тарапынан бірқатар нақты ұсыныстар айтылып, сұрақтар қойылды.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша аудан, қала әкімдіктеріне әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша жұмысты күшейту, полиция департаментіне профилактикалық іс-шараларды жандандыру, білім басқармасына қыз балаларды STEM бағыттарына тартуға арналған арнайы жобаларды жүйелі түрде ұйымдастыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Облыс әкімінің орынбасары берілген тапсырмалардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстап, атқарылған жұмыстар жөнінде тұрақты түрде ақпарат ұсынып отыруды міндеттеді.

