Қазақ халқы үшін тіл – ұлттың жаны, рухани байлығы және ел бірлігінің негізі. Мемлекеттік тілді меңгеру – тек заң талабы ғана емес, Қазақстанда өмір сүріп, еңбек етіп жүрген әр азаматтың мәдениеті мен жауапкершілігінің көрінісі.
Осы орайда Шымкент қаласындағы «СВС-Юг» Volvo орталығының қызметкерлері мемлекеттік тілді үйренуге ерекше қызығушылық танытып, қазақ тілін меңгеруге деген ынта-жігерлерімен үлгі бола білді. Сабақ барысында олардың әрқайсысы жаңа сөз үйренуге, қазақ тілінде сөйлесуге, күнделікті қарым-қатынаста қолдануға талпынып отырды. Әр сабақты асыға күтіп,сабақтан тыс қосымша сұрақтарын қойып, өмірде өздерінің қолданып, видеоға түсіріп жіберіп,өте белсенді жұмыс істейді. Мұндай ұмтылыс тіл үйретуші үшін үлкен шабыт пен жауапкершілік жүктейді.

Тіл үйрену – тек грамматика мен сөз жаттау емес. Бұл – өзге мәдениетті тану, жаңа ортаға бейімделу, адамдармен жақын қарым-қатынас орнату. Осы жолда орталық қызметкерлері белсенділігімен, ізденімпаздығымен және бір-біріне қолдау көрсете білуімен ерекшеленді. Сабақтарда еркін пікір алмасып, түрлі жағдаяттық тапсырмаларды қызығушылықпен орындап, қазақ тілінде сөйлеуге деген сенімділіктерін арттыра түсті.
Мен үшін әр тыңдаушының жетістігі – үлкен қуаныш. Қазақ тілінде алғаш рет еркін сөйлеген сәттері, қарапайым диалог құрып, өз ойын жеткізе алған жетістіктері ұстаз еңбегінің нәтижесін көрсетеді. Сондықтан мен «СВС-Юг» Volvo орталығының ұжымына мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі, сабақтарға жауапкершілікпен қатысқаны және қазақ тіліне деген құрметі үшін шынайы алғысымды білдіремін.
Мемлекеттік тілді меңгеру жолындағы әрбір қадам – ел болашағына қосылған үлес. Осындай тіл жанашырларының саны артып, қазақ тілі қоғамымыздағы бірлік пен ынтымақтың алтын көпірі бола берсін, дей отырып, осы орталықтың бастығы Николайға, белсенді де талапшыл қыздарыма шексіз алғысымды осылай жеткізгім келді. Сабақ барысында қыздардың талаптары мен қызығушылықтары оларға деген шексіз махаббатымды ашты. Бауырларымдай жақсы көріп кеттім. Жүректен шыққан алғысымды осылай жеткізгім келді.
Мемлекетіміздің тілін дамытудағы еңбектеріңіз бен үлестеріңізге ризамын
Ұжымдарыңызға табыс, еңбектеріңізге береке, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жолындағы ортақ еңбегіміз жемісті болсын!
Ізгі тілекпен,
Гүлшахар ӨТЕБАЙҚЫЗЫ,
орталық оқытушысы

