ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА 8 ЖЫЛ: ӨНІМ КӨЛЕМІ 3 ЕСЕГЕ ӨСТІ

Биыл Түркістан облысының құрылғанына 8 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында өңірде ауқымды инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, экономиканың негізгі салаларында тұрақты өсім қалыптасты. Мемлекет басшысының қолдауымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заңның қабылдануы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп, инвестициялық тартымдылығын арттырды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Соңғы 8 жылда облыстың жалпы өңірлік өнім көлемі 3 есеге өсіп, 5 трлн. теңгеге жетті. Ал, 2018 жылы бұл көрсеткіш 1,7 трлн. теңгені құраған болатын.

Өнеркәсіп саласында да оң динамика қалыптасты. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 трлн. 596,1 млрд. теңгеге жетіп, 2018 жылмен салыстырғанда 3,6 есеге артты. 2018 жылы өңірде 438,6 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген.

Өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында 2026 жылы жалпы құны 34,7 млрд. теңгені құрайтын 11 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл жобалар аясында 703 жаңа жұмыс орны құрылады. Оның ішінде биылғы жылдың алғашқы 6 айында жалпы құны 11,2 млрд. теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба іске қосылып, 278 жаңа жұмыс орны ашылды.

Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің бақылауымен өңір экономикасын әртараптандыру, өндіріс орындарын көбейту және инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Осы бағытта өндірістік инфрақұрылымды дамытуға, кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасауға және индустриялық әлеуетті арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.

Бүгінде өңірде жалпы аумағы 1 931 гектарды құрайтын 21 индустриялық аймақ құрылған. Аталған индустриялық аймақтарда жалпы құны 60,8 млрд. теңгені құрайтын 55 инвестициялық жоба іске қосылып, нәтижесінде 3 073 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар алдағы кезеңде жалпы құны 96,4 млрд. теңгені құрайтын тағы 47 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар жүзеге асқан жағдайда қосымша 2 791 жаңа жұмыс орны құрылады.

Индустриялық аймақтарға жаңа өндірістерді орналастыру жұмыстары да жалғасуда. Биыл өңірлік үйлестіру кеңесі жалпы құны 21,1 млрд. теңгені құрайтын және 519 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 12 жаңа инвестициялық жобаға оң қорытынды берді.

Өңір аумағында жалпы көлемі 3 603,3 гектарды құрайтын, 10 субзонадан тұратын арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Оның 1 450 гектары өндірістік аймақ ретінде белгіленген.

Қазіргі таңда «TURAN» арнайы экономикалық аймағының өнеркәсіптік субзоналарында жалпы құны 875,3 млрд. теңгені құрайтын 37 өнеркәсіптік жоба қатысушы ретінде тіркелген.

Одан бөлек, облыста шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында өндірістік алаңдарды дамыту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қолдауымен Сауран ауданының Шаға ауылында шағын өнеркәсіптік аймақ құрылды. Өндірістік парк аумағында 40 өндірістік ғимараттың құрылысы аяқталып, жалпы инвестиция көлемі 136,3 млрд. теңгені құрайтын 32 жоба жүзеге асырылды. Аталған өндірістік алаңда ауыл шаруашылығы техникаларын, аспалы жабдықтарды, жаңбырлатып суару машиналарын, металл бұйымдарын, тамшылатып суару жүйелерін, полиэтилен пакеттерін және өзге де өнеркәсіптік өнімдерді өндіретін кәсіпорындар орналасқан.

Түркістан облысында өнеркәсіп саласын дамыту, инвестиция тарту және жаңа өндірістер ашу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Бұл шаралар өңір экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды