ХАНТАҒЫ САПАЛЫ ДЕМАЛЫС ҰСЫНАТЫН БІРЕГЕЙ ОРЫНҒА АЙНАЛМАҚ

Түркістан облысында туризмді дамыту бағытында жаңа әрі ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылындағы көркем тау бөктерінде заманауи капсулалық демалыс орындары алғаш рет бой көтеруде. Бұл туралы Түркістан Өңірлік коммуникация қызметі хабарлады.

Қазіргі таңда «Хантау» демалыс аймағының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жоба туристерге қолайлы жағдай жасап, өңірдің тартымдылығын арттыруға бағытталған. Жалпы құны шамамен 1 млрд теңгені құрайтын бұл бастама аймақтың туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтермек.

Жоспар бойынша демалыс аймағы бір мезетте 200-ден астам келушіні қабылдай алады. Сонымен қатар, ай сайын 20 мыңға жуық туристке қызмет көрсету көзделуде. Бұл жоба ішкі туризм мен кіру туризмін дамытуға серпін беріп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да ықпал етеді.

Сондай-ақ, инвестор тарапынан инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән берілуде. Атап айтқанда, су үстінен көпір салынып, 6 шақырымға дейін электр желілері тартылған. Бұл жұмыстар алдағы уақытта осы аумақта кәсіп бастаймын деген азаматтарға қолайлы жағдай жасап, жаңа жобалардың жүзеге асуына негіз болады.

Аталған демалыс аймағы табиғат аясында сапалы демалыс ұсынатын бірегей орынға айналып, өңір туризмінің жаңа орталығы болары сөзсіз.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды