Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Бахтиер Ибрагимовпен кездесті. Кездесу барысында Түркістан облысы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға бағытталған екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, мәдениет және туризм салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейту, инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырды. Сонымен қатар өзара тауар айналымын арттыру, бірлескен өндіріс орындарын құру, өңіраралық байланысты нығайту және туристік әлеуетті бірлесе дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Аталған бағыттағы жұмыстар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев арасындағы жоғары деңгейдегі келісімдер мен бастамалар аясында жүзеге асырылып келеді. Екі ел басшыларының өзара сенімі мен достық қарым-қатынасы өңіраралық ынтымақтастықтың дамуына тың серпін беріп жатыр.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров екі ел арасындағы әріптестіктің маңыздылығына тоқталып, Түркістан облысы мен Өзбекстанның шекаралас өңірлері тарихи, мәдени және экономикалық тұрғыдан тығыз байланыста екенін атап өтті. Тараптар шекара маңы ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеру, инфрақұрылымды дамыту және туризм саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру жолдарын талқылады.
– Қазақстан мен Өзбекстан – тарихи тамыры бір, бауырлас екі ел. Мемлекет басшыларының достық қарым-қатынасы мен саясатының арқасында біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. Түркістан облысы бұл бағыттағы байланыстарды одан әрі тереңдетуге мүдделі. Біз сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз. Ынтымақтастығымыз ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді болады деп сенеміз. Өзбекстан – бізге ең жақын әрі бауырлас мемлекеттердің бірі. Екі ел арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде дамып келеді. Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңға қол қойды. Бұл өңірдің дамуына жаңа серпін берді. Қазіргі таңда бірлескен жобалар жүзеге асуда. Сонымен қатар Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері қол қойған «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру жөніндегі Жол картасы аясында жүйелі жұмыстар жүргізілуде,– деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Кездесу барысында Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті таныстырылып, жаңа өндіріс орындарын ашу, бірлескен жобаларды іске асыру және шетелдік инвестицияларды тарту мәселелері қаралды. Өңірде мақта-тоқыма кластерінің құру бағытынадғы ірі жобаның жүзеге асқанын атап өтті. Сонымен қатар Түркістан қаласының тарихи-мәдени мүмкіндіктерін тиімді пайдалану және туристік инфрақұрылымды дамыту бағыттарына басымдық берілді.
Өңір басшысы Түркістан облысының экономикалық әлеуетіне де тоқталды. Облыс ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша республикада көш бастап тұр. Сонымен қатар ет өнеркәсібінде жетекші рөл атқарып, Қазақстан бойынша ірі қара етінің экспортының 80 пайызын және ұсақ мал етінің 75 пайызын қамтамасыз етеді. Аймақта қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Қазіргі таңда 21 индустриялық аймақ және «Turan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Бұл алаңдарда инвесторлар үшін салықтық жеңілдіктер қарастырылып, жобаларды тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік берілген.
Өз кезегінде Бахтиер Ибрагимов Түркістан облысының әлеуетін жоғары бағалап, қос ел арасындағы серіктестік қарым-қатынасты нығайтуға күш салатынын жеткізді.
– Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы байланыс терең әрі берік. Түркістанның орны біз үшін ерекше. Біз өзбекстандық кәсіпкерлер мен инвесторларды осы өңірге бағыттап келеміз. Туризм мен кәсіпкерлікті дамыту – маңызды бағыттардың бірі. Түркістанның туристік әлеуеті жоғары, көптеген өзбекстандықтар бұл қаланы қасиетті орын ретінде жақсы біледі. Осы бағытта бірлескен жұмысты одан әрі дамытуға дайынбыз, – деді Елші.
Айта кетейік, Түркістан облысында инвестиция тарту – басым бағыттардың бірі. Өңірде ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асуда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы тауар айналымы 560 млн АҚШ долларын құрады (экспорт – 409,5 млн, импорт – 150,5 млн АҚШ доллары).
Сондай-ақ Өзбекстаннан Қазақстанға тартылған тікелей инвестициялар көлемі 292,8 млн АҚШ долларына жетті. Қазіргі таңда бірқатар бірлескен жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда, ет өңдеу кешенін салу жобасы, Сауран ауданындағы суару жүйелерін өндіретін зауыт және балық шаруашылығы жобасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға дайын екендерін білдіріп, өзара тиімді жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға уағдаласты.

