ҚАЙ ЖАСТАН БАСТАП БОЯНҒАН ДҰРЫС?

«Әлемді сұлулық құтқарады» деп бекер айтылмаса керек. Расында қай кезде болмасын сұлулық, нәзік жандылардың сұлулығы бірінші орында тұрған. Ғалымдардың кейбір зерттеулеріне сүйенсек косметика пайдалану Еуропада орта ғасырларға, яғни V-VII ғасырларға тиесілі екен. Ал Азияда бұл құндылыққа тым ерте ерекше көзқараста болған.  Ежелгі Қытайда тырнақ бояуының өзін б.э. дейін пайдаланған екен.

 

Ал Еуропада  орта ғасырларда барынша бет терісін ағарту үлкен үрдіс алған. Себебі, ақсүйектердің әйелдері күн көзіне көп шыға бермеген, ал қоңырқай түстер, терінің күн шалуы кедейлікті білдіретін болған. Сондықтан барынша бет терісін ағартуға тырысқан. Ол үшін бидайды үгітіп пайдаланған көрінеді.

Ерін далабын барлығы қолданған. Ерінге табиғи өнімдер, жидектер көбірек пайдаланылған. Сондай-ақ, бүгінде үлкен сәнге айналған еріннің «дүрдиіп» тұруы бұрын да сәнде болса керек. Себебі, араға шақтыру арқылы, ерінді әдемілеуге тырысқан екен. Теңіз тұздары арқылы бетті уқалай отырып қызғылттандырып, сұлулық енгізген.

Ежелгі Мысырда тырнақты жасыл түске бояу үлкен сәнде болған. Ол үшін қынаны пайдаланған. Табиғи косметикаға жататын бұл өнім сол кездің өзінде, үлкен сұранысқа ие болған көрінеді. Тек тырнақты емес, алақандарын, көздерін де қынамен бояған ежелгі мысырлықтар.

Бүгінде дамыған заманауи технологиялар арқылы сымбатты болудың түр-түрі бар екені рас. Нәзіктік  түйсігінің бала кезден дамитындығынан болар қыз балалар кішкентай кезінен аналарының биік өкшелі аяқ киімдерін киіп көруге, опа-далаптарын жағып көруге құмартып жатады. Ал, расында қай жастан бастап боянуға болады?

2 ЖАСЫНАН БАСТАП БОЯНАДЫ

Бүгінде сұлулыққа жаны құмар нәзік жандылармен қатар, титтей қыздардың да жас ерекшеліктеріне қарамай боянып жүретінін байқаймыз. Калифорния тұрғыны Эми Лин есімді ана, өзінің қызына 2 жастан бастап боянуға рұқсат берген. Тіпті, өзі де қызымен бірге шашын алқызыл түске бояп, бірге түрленіп жүретінін айтқан. Бүгінде үш жасар Белла Мэй бетіне, көзіне, ерніне, қасына қалағанынша бояу жағып, шашын өзі ұнаған түсіне өзгертіп боятып алады. Тіпті, оған уақытша тату салдыруға да рұқсат береді екен.  Мұндай еркіндікті қызына неге бергенін түсіндірген анасы: «Оның еркін болғанын, өз қалауын жасап үйренгенін қалаймын. Менің бала кезімде анам маған мұндай еркіндік берген жоқ. Меніңше баланың өзіне таңдау құқығын беруді жоғарғы сыныптарда ғана қолға алу өте кеш. Ол өз еркімен таңдауын жасауды  бала кезінен үйренгені дұрыс. Кәмелеттік жасқа толған соң барып өзіне не керегін іздеп уақыт кетіргенін қаламаймын. Сондықтан оның  боянуына, түстерді өзі таңдауына мүмкіндік бергенмін», – дейді.

МАМАНМЕН КЕҢЕСКЕН ДҰРЫС

Бояну құралдары, яғни косметика түрлері өте көп. Оны таңдаудан алдын ең алдымен мүмкіндігінше дерматолог маманның кеңесін алу керек.  Гигеналық ерін далабын сондай-ақ, балалар жақпа майын қолданған кездің өзінде құрамына, қолдану уақытына, жас айырмашылығына зер сала қараған жөн.

Мамандардың пікірінше қарапайым ғана мөлдір түссіз ерін далабын 12 жастан асқан соң ғана пайдалануға болады екен.

Ал, ауырлау косметикаларға жататын бет терісіне тон беретін, теріні ағартып көрсететін жақпа майларды, көзге арналған бояуларды, кірпік бояуларын 15-16 жастан бастап аздап қана қолданған дұрыс. Мұны бұл жаста күнделікті қолдану денсаулыққа, бет терісіне, көру қабілетіне кері әсерін тигізеді.

Егер сіздің қызыңыз әлі 12-ге толмаған бола тұрып, боянуды қатты қаласа оған арнайы балаларға арналған косметика жиынтығын сатып алып беріп, мерекелерде пайдалануға рұқсат беруге болады. Тек мұны  өз қалауымен жасаған дұрыс.

Шаш бояудың ең қауіпсіз түрі қына пайдалану. Оның да ең жақсысын, табиғи қынаны пайдаланыңыз. Ал, тіптен өзгерткісі келіп тұрса шашының түсін 15-16 жастан соң бояған  абзал. Оған дейін шаштың жетілу кезеңі болғандықтан химиялық қоспасы бар шаш бояулары шашқа үлкен зиянын тигізеді.

Боянудың өзі жолы бар, бала балалығымен сүйкімді де сұлу екенін ұмытпайық.

Нұрсұлу ТӨРЕҚҰЛТЕГІ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған