«ҚЫЗ ӨССЕ – ЕЛДІҢ КӨРКІ»

Әрбір адам өмірде маман иесі болу үшін еркінше бір таңдау жасайды екен. Мен де таңдау жасадым және пішуші-тігінші мамандығын таңдағаныма өте қуаныштымын.

Әрине, 9 жыл бойы мектеп қабырғасында жүріп, оқушы кезеңнен өтіп, студент атану сезімінің ерекше болатыны бәріне аян. Менің де басымнан осындай құбылмалы, құйынды, аласапыран күй өтті. Дегенмен, өзінің ерекше бір паңдық, биязы мінезімен мені қатты баураған 834 топ – яғни, менің кураторым Гүлшахар Керуенбайқызы десем, артық айтпағаным.

Күнделікті кездесулерден бөлек, апта сайын бізде тәрбие сағаты өтіледі. Ерекше атап өтер сабақтың бірі Гүлшахар апайымыз ұйымдастырып өткізген «Қыз өссе – елдің көркі» тақырыбындағы ашық тәрбие сағаты.

Қазіргі таңда ұл-қыздарды тәрбиелеу тек ата-ананың емес, ұстаздардың да бір міндетіне айналғаны рас және бұл жолда ұстаздарымыз аянбай еңбек етуде десек те болады.

Мәселен, біз осы ашық сабақ барысында отбасылық дастархан басында жиі айтыла бермейтін инабаттылық, биязылық, көркем мінезділікке байланысты керемет өлеңдер мен нақыл сөздер естіп, әдеп-тыйымдар туралы біле түстік. Сонымен бірге, Гүлшахар Керуенбайқызының ашық тәрбие сабағының негізгі мақсатының өзі: білім алушы қыздарды білімділікке, шыдамдылыққа, еңбексүйгіштікке, ұқыптылыққа, қарапайымдылыққа және эстетикалық талғамының жоғары болуына, әдептілік пен әсемдікке, ата-баба салт-дәстүрін дұрыс түсініп, өмірде оң пайдалана білулеріне, кішіге ізет, үлкенге құрмет көрсетуге, мейірімділікке, қарапайымдылыққа үйрету болып табылды.

Сабақ барысында қазақ халқының ұлттық биі «Еркесылқымды» Аружан, Лаура, Мерейлім орындап шықты.

Қазақ қыздарының кербез биі, оюлы көйлегі, қос бұрымының өзі-ақ көз тартады емес пе?! Би де өте әсерлі шықты.

Сабақ барсынан тек бұрынғы қазақ қыздарын ғана емес, тарихта есімдері ойылып жазылған батыр қыздармен қатар, ақын-жазушы, спортшы, әртіс, әнші апаларымыз туралы да көп мәлімет алып, өзгелерге мақтанышпен айта алатындай мәліметтерді өз қоржынымызға сақтай алдық. Би билеп, ән айттық. Өлең оқыдық. Қолөнер әлеміне саяхат жасадық. 834 пішуші-тігінші тобы бір ауыздан «шашымызды қысқартпаймыз» деп уәделестік.

Ия, өзім және білім алушы қыздар тарапынан Гүлшахар Керуенбайқызы Жұмаділлә апайымызға ерекше алғысымызды білдіргім келеді. Өйткені, осындай тәрбие сағаттарынан кейін шын мәнісінде санаңда бір ой қалады. Жақсы күн, таза ой, түзу тәрбие сыйлауда жалықпаған апайымызға көп рахмет. Көктемнің күнінде жылуын шашқан күндей болып жүре беріңіз!

Көктемнің алғашқы мерекесіне орай, Шымкент қаласы Білім басқармасы Мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны «Жеңіл өнеркәсіп және сервис» колледжі ұстаздарын 834 топ қыздары атынан құттықтап өтсем деп едім.

«Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» деп,  Ж.Ж.Руссо айтқандай, шынында да, ұстаздар өз уақытын аямай, шәкіртінің бақытын аялай білген жандар.

«Ұстаз» деген ұлағатты қызметтеріңізге шығармашылық табыс тілейміз. Жанұяларыңызда бақытқа бөленіп, шәкірттеріңізді білімнің биік шыңдарына жетелей беріңіздер!

Қыз өссе – елдің көркі

Қыздарды теңейді гүлдерге,

Мүлгіген жұлдызды түндерге.

Мінезбен хош иіс шашса егер,

Түні ол – мінезі, білгенге!

 

Қыздарды жақұтқа теңейді,

Қыз, шіркін, жүректі емдейді.

Сүйкімді түрімен, әдепті қылықпен,

Екі елді бір етіп, теңдейді.

 

Қыз, шіркін, білгенге дәрі ғой,

Әр үйдің ең қымбат сәні ғой.

Қыз халқы тыныштық белгісі,

Елінің жүрегі, жаны ғой.

 

Біздің топ қыздары қылықты,

Көздері сабырға тұныпты.

Саусағы майысып ертеңдер,

Тігінші болады ұқыпты.

 

Біздің топ қыздары тігінші,

Жарасар оюы, тігісі.

Көпшілік ұнатып мақтайтын.

Айналар игіге әр ісі.

Нұрбақыт КАРАТАЙ.

Шымкент қаласы Білім басқармасы

Мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны

«Жеңіл өнеркәсіп және сервис»

колледжі 834 топ

  

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған