ЖӨНДЕЛГЕН ЖОЛДЫҢ САПАСЫ СЫН КӨТЕРМЕЙДІ

Бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтіп, өңірдегі бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мәжілісте облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Арман Сәбитов өңірдегі экономикалық көрсеткіштерге тоқталып:

– 2019 жылы облыстың бюджет көлемі 561 млрд. теңгеге жетті. Бюджетте ағымдағы шығындар 473,9 млрд. теңгені, даму бюджеті 87,1 млрд. теңгені құрап отыр. Бюджет шығыстарының басым бөлігі мемлекеттік әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемінде орындауға бағытталды. Бюджет көлемінде әлеуметтік салаға бағытталған шығыстар 310,6 млрд. теңгені немесе үлесі 55%-ды құрады. Даму бюджетінде негізгі басымдықтар апатты және үш ауысымды, ыңғайластырылған мектептер, тұрғын үй және инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы, ауыз су, табиғи газ және сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету болып табылады, – деген болатын.

Басқарма басшысының баяндамасын тыңдаған облыс әкімі кешенді жоспарды қайта жасауды тапсырып, бюджет жоспарлауға қатысты сын-ескертпелер жасады.

– Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын көздейтін кешенді және бюджеттік жоспарларда Түркістан басымдықта болуы тиіс. Облыс орталығы барлық жағынан өзінің статусына сай дамуы керек. Дегенмен бюджеттің кіріс бөлігін салықтық түсімдер арқылы көбейту мүлде көңіл көншітпейді. Бұл бойынша жеке жұмыс жүргізетін боламыз. Ал жол жөндеуге миллиардтаған ақша бөлінген. Жөнделген жолдың сапасы сын көтермейді. Бюджет қаражатын шашпай үнемдеп тиянақты жұмсауды үйрену керек. Нақты жөнделген жолдардың тізімі жасалсын. Түркістан қаласында медициналық орталықтар аз, оларды көбейту қажет. Бұл мәселелердің барлығын нақты жоспармен шешу қажет, – деді Өмірзақ Естайұлы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған