ҚЫЛМЫСҚА ЖОЛ ЖОҚ

Бүгінгі таңда жасөспірімдердің қылмыс жасауына жол бермеу басты мәселелердің бірі болып табылады. Қоғамда жас жеткіншектерді қылмыс әлеміне бой алдырмауының алдын алу үшін түрлі іс-шаралар, кеңейтілген жиындар, отырыстар, түрлі үгіт насихат жұмыстары жүргізіліп тұрады. Бұл мәселе, яғни жас жеткіншектердің қылмысқа бой ұру мәселесі тек құқық қорғау органдарының ғана емес, ата-ананың, мектептің, басқа да мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың қадағалауын талап етеді.

Зерттеулерге сүйенсек жас жеткіншектің танымына, тәртібіне, болашағына отбасындағы, мектептегі, көшедегі, қоғамдағы түрлі жағдаяттар мен оқиғалар үлкен әсер ететінін белгілі. Осы орайда мектептің де алатын рөлі ерекше екені анық. Бүгінгі жас жеткіншектерді осынау қылмыс әлемінен алшақ ұстауға тәрбиелеу мақсатында Шымкент қаласындағы М.Тасова атындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған №12 мектеп-интернатының 9 «А» сыныбында тәрбиеші Ляззат Турегельдиевна Токтарованың жетекшілігімен «Қылмысқа жол жоқ» атты ашық тәрбие сағаты болып өтті. Сынып оқушылары аталмыш тәрбие сағатына белсене қатысып, өз пікірлерін, ойларын ортаға салды.

Тәрбие сағаты бірнеше бөлімнен тұрды. Ең негізгі бағыт қылмысқа барудың түбі жақсылыққа апармайтынын, бұл арқылы адам тек өзіне ғана емес, өзі жүрген ортаға, өзіне жақын жандарға, сондай-ақ қоғамға үлкен зиянын тигізетіні жайлы баса айтылды. Осы орайда оқушылар да өз білгендерімен, өздерінің түйгендерімен бөлісіп, пікір таластыра отырып, бір-біріне тәрбиелік мәні бар әңгімелер айтып өте жылы жүздесу болды.

Ашық сабақ барысында түрлі жағдаяттардың алдын алу, ол үшін не істеу керектігі, сондай-ақ балалардың қылмыс куәгері болып қалған жағдайда бірден қандай         іс-әрекеттер жасау керектігі де түсіндірілді. Расында қоғамда жасалған қылмыстың куәгері болып қалу да мүмкіндігі бар екені ескеріліп осы жайттар да талқыға түсті.

Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген саналы сөзін де талқыға салған оқушылар тәрбиенің басы тәртіпте екенін, қылмыстан бойды аулақ ұсатудың да басты қағидасы осы тәртіпке келіп тірелетінін терең түсіне білді. Ойын арқылы, ойлау қабілеттерін арттырып, жылдам жауап беру арқылы, тез шешім қабылдауды дағдыға айналдырып, топқа бөлінген оқушылар әр бөлімде әр қайсысы жеңіске жете отырып, тәрбие сағатының негізгі тақырыбын аша түсті.

Мектеп қабырғасында жүріп-ақ, тәрбие мен тәртіптің қаншалықты маңызды екенін сезініп, ұғынып өскен ұрпақ болашақта да қателеспей дұрыс шешім шығаруға бейім келетінін естен шығармайық. Демек, осы мақсатты оқушыларға аша түсуге тырысқан тәрбие сағаты өзінің көздеген мақсатына жете білгені анық.

Ляззат Турегельдиевна ТОКТАРОВА,

М.Тасова атындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған

№12 мектеп-интернатының тәрбиешісі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған