ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК ТАБЫС МӨЛШЕРІНЕ ТӘУЕЛДІ БОЛМАЙДЫ

2020 жылдан бастап көпбалалы отбасылардың әлеуметтік көмегі табыс мөлшеріне тәуелді болмайды. Бұл туралы Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

2020 жылдан бастап мемлекет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік көмек үш бағыт бойынша жүреді. Біріншісі, көпбалалы отбасыларды жеке санатқа шығару және оларға кепілдендірілген жәрдемақыны ұсыну, бұл ретте көпбалалы отбасы – аз қамтылған отбасы деген стереотиптен алынып тасталынады. Екіншісі, аз қамтылған санаттағы азаматтарды қолдау және оларды еңбекке ынталандыру. Үшіншісі, барлық АӘК алушы отбасылардағы балаларға заттай қолдауды қамтитын кепілдендірілген пакетті ұсыну.

– Бірінші бағыт бойынша, облыста АӘК алатын балалардың 60%-ға жуығы – көпбалалы отбасылардан. Өңірдегі көпбалалы 86,6 мың отбасы бар: төрт баладан – 56,9 мың отбасы, бес баладан – 24,4 мың отбасы, алты баладан – 4,8 мың отбасы, жеті және одан жоғары баладан – 508 отбасы. Бұл мемлекеттік жәрдемақыны төлеу отбасының табысына тәуелді болмайды және барлық көпбалалы, яғни 4 және одан да көп кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар отбасыларға төленеді, – деді Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева.

Екінші бағыт бойынша АӘК аз қамтамасыз етілген, оның ішінде көпбалалы отбасыларға төленеді. Критерийі облыстың ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ы деңгейінде қалады. АӘК мөлшері бұрынғыдай жан басына шаққандағы орташа табыс пен ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% арасындағы айырма ретінде төленетін болады.

Үшіншісі, аз қамтамасыз етілген отбасылар үшін қосымша әлеуметтік кепілдендірілген пакет ендіріледі. Пакет келесіні қамтиды: мектеп жасына дейінгі балалар үшін: балаларға арналған тамақ, гигиеналық құралдар; мектеп жасындағы балалар үшін – мектепте ыстық тамақ, мектеп құрал-жабдықтары мен киім-кешектері, жол ақысын өтеу. 18 жасқа дейінгі балаларға МӘМК енгізу аясында 2020 жылы 17 074 млн. теңге бөліну жоспарлануда.

Бұдан өзге, Түркістан облысында әзірленген аз қамтылған отбасылардың әл-ауқатын жақсарту және жұмыспен қамтамасыз ету үшін оларды кіші кәсіпкерлікке тарту жұмыстары жалғасатын болады. Бұл үшін өңірде АӘК енгізу аясында балалы аналарға үйде кәсіппен айналысу үшін АӘК біржолғы төлемі есебінен 15 шағын жобалар іске асырылуда. Бұл әйелдердің ауылдық жерлердегі кәсібін дамытуға мүмкіндігін жоғарылатады.

MIXNEWS.KZ

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған