«ЕРТЕҢГІ КҮНГЕ» ТЕРЕЗЕСІ БАР МЕКТЕП

Негізі мектеп табалдырығын аттап, сонда білім алып, мектеп бітірер тұста әр оқушының санасында болашақ жайлы арман-мақсат, жоспар тұратыны анық. Мектепте оқып жүрген соңғы жылында, яғни бітіретін жылында баланың болашақ жайлы ойы мен қатар ҰБТ тапсыру жайлы ой да мазалап жүреді. Бұл бір толқынысқа толы, жауапты сәт екені анық. Осындай жауапкершілігі жоғары, таңдау жасайтын сәтте бітіруші сыныпта оқитын оқушыларға жан-жақты қолдау мен көмек, олардың осы сәттегі толқыныстарына түсіністікпен қарау, сондай-ақ, қатты ой күйзелісіне, жан күйзелісіне түсіп кетпеуі үшін бағыт бағдар берілуі тиіс. Оған мектептегі орта, ұстаздар, қоғам, ата-ана, араласатын орта барлығы бірлесіп ат салысуы тиіс. Сонымен қатар баланың еркін де, ерікті түрде таңдау жасауына мүмкіндік беру де маңызды.

 Міне, осының барлығы қамтылған ерекше ашық сабақ Шымкент қаласындағы М.Тасова атындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған №12 мектеп-интернатының 11 «А» сынып оқушыларына болып өтті. Аталмыш мектеп-интернаттың тәрбиешісі Азиза Абдишукировна Утебаеваның жетекшілігімен өткен ашық сабақ оқушылардың болашақта таңдайтын мамандықтарына дұрыс жол көрсетуге, сондай-ақ ҰБТ кезіндегі толқынысты жеңуге арналды.

Негізгі мақсаты да оқушылардың білім шыңына талпынуда алғашқы қадам жасаулары үшін бойларында қандай қасиеттер болуы керек, неге бейімделу керектігі жайлы ойларын білу, өз мамандығын дұрыс таңдай білуіне дұрыс бағыт-бағдар беру болатын.

Бірнеше топқа бөлініп, алдымен сергіту сәтінен бастап ары қарай ой бөлісе кеткен оқушыларды тәрбие сағаттың тақырыбының өзі баурап әкетті. Дәл қазіргі сәттегі күйлерін айтып, болашақта қандай мамандық таңдауға ниеттеніп жүргендерін айтып, қызу ой талқы жасады.

Ең алдымен әр топ дәл қазіргі заманауи технологиялар дамыған қоғамға қажетті бір мамандықты таңдап алып, сол мамандықты жанамалай түсіндіру арқылы бір-бірлеріне жұмбақ жасырды. Ойын түрінде өткен бұл бөлім өте қызықты да, тартысты болды.

Одан соң ҰБТ тапсыру кезіндегі ситуациялық жағдаяттан шығуды көрсететін көріністі өздерінің актерлық шеберліктерін сала отырып орындап, әрі сол жағдаяттан шығудың жолдарын да түсіндіріп берді.

Одан кейінгі бөлімде оқушылар, әрқайсысы өздерінің арман-мақсаттарын бір арнаға бұра отырып, қандай мамандық таңдағандарын айтты. Және сол мамандықты не үшін таңдағандарын айта келе болашақта елге, Тәуелсіз Қазақстанға қызмет ететін саналы ұрпақ болып жетілу жолында аянбай еңбек ететіндерін де айтып өтті.

Балалардың бойында патриоттық сезіліп, сонымен бірге болашақ мамандық таңдаудың жауапкершілігі үлкен екенін ұғынғандары әр пайымдауларынан сезіліп тұрды. Болашақ жастардың, яғни өздерінің қолында екенін түсінгендерін олардың оттай лаулап тұрған көз жанарларындағы жылт еткен шоқтан байқауға болатын еді.

Өз болашақтарын таңдау жолында бітіруші сынып оқушыларының санасына ой сала білген тәрбие сағаты жоғары деңгейде өткені анық сезіліп тұрды.

Азиза Абдишукировна УТЕБАЕВА,

М.Тасова атындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған

№12 мектеп-интернатының тәрбиешісі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған