АСЫЛ ӘЖЕМ, ТӘТТІ НЕМЕРЕМ

 

Бауыржан Момышұлы атамыз өзінің үш қорқынышын айтқан кезде:  «Мен үш нәрседен қорқамын. Өзінің сәбиіне бесік жырын айта алмаған анадан, өзінің немересіне ертегі айта алмаған ата мен әжеден, екі қазақтың бір-бірімен орысша сөйлесіп тұрғанынан қорқамын», – деп бүгінгі қоғамдағы ең түйткілді дүниелерді атап кеткен. Расында осынау үш дүниені түзеп алмасақ, болашағымыздың жарқын болуы екі талай.

Осы орайда бүгінде қоғамда, білім ошақтарында  салт-дәстүр мен ата-ананың, ата мен әженің  балалармен қарым-қатынасы жайлы көптеген игі іс шаралар өткізіліп келеді. Сондай тамаша іс-шараның бірі Шымкент қаласындағы №63 негізгі орта мектепте өтті. Аталмыш білім ошағында  өзін өзі тану апталығының ашылуына  орай «Асыл әжем,тәтті немерем атты» тәрбие сағаты болды. Игілік пен ізгілікті, ұлттық құндылықты насихаттайтын шараның басты мақсаты: балаларды халқымыздың ізгі қасиеті имандылық, инабаттылық, іскерлік негізінде тәрбиелеп әже өнегесінен үлгі алуға, тәрбиелік мәні бар салт-дәстүрлерді бойына сіңіруге баулу. Баланы кішіпейілділікке тәрбиелеу, қарт адамдарды құрметтей білуге үйрету. Ой-өрісін еркін жеткізуге, жан-жақты ойлау қабілеттерін дамытуға тәрбиелеу.

Бұл шараны ұйымдастырған 2 «А» сынып жетекшісі У. Құрманалиева болатын.

Сайыс түрінде болып өткен іс шара алты бөлімнен тұрды:

1.Таныстыру «Сәлем – сөздің анасы»

2.Ертегі айту «Әжесінің немересіне ертегі айтып беру»

3.Өз өнерін көрсету  «Өнерлі өрге жүзеді»

4.Сұрақ-жауап «Сыр сандық»

5.Қол өнері «Он саусағынан өнер тамған»

6.Салт-дәстүр көріністері (қырқынан шығару, бесікке салу, тұсау кесу, шашу)

Әр бөлім әр түрлі ерекшеліктерімен көрермен есінде қалды. Әсіресе, өз өнерін көрсету, қол өнер бұйымдарын жасау, салт-дәстүрден көріністер деген бөлімдер көпшіліктің көңілінен шықты. Өз өнерлерін ортаға салып, ұлтымыздың құндылықтары өте жоғары деңгейде  көрсетілгені оқушылардың қызығушылығын оята білді.

Шараға Анар әже Гүлім немересімен, Клара әже Димаш немересімен, Әйгерім ана Шахризат немерелерімен қатысып, өз өнерлерін көрсетіп қайтты. Кеш жоғары деңгейде өтті. Соның ішінде Гүлім қыз бірнеше өнерімен көзге түсіп, алдыңғы қатардан көрінді.

Гүлшахар Абдуғаппарова,

Шымкент қалалық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған