ДИМАШ НЕГЕ 100 ПАЙЫЗ ДАУЫС ЖИНАЙ АЛМАДЫ?

Әнші Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері үшін бүгін ерекше күн болды. Өйткені, Америкадағы «The World’s Best» байқауында жерлесіміздің өнер көрсеткен видеосы жарияланып, көпшілікті бір серпілтіп тастады.

Димаш Қытайдағы «I’m A Singer» байқауында айтқан «S.O.S d’un terrien en détresse» әнін орындады. Байқаудағы үш төреші – әнші Фэйт Хилл, актриса Дрю Бэрримор және актер Ру Пол толық 50 ұпайдан берді. Бұл үшеудің бере алатын ең жоғары бағасы болатын.

Әлем елдерінің тәжірибелі мамандарынан құралған 50 адамның 48-і дауыс берген. Бұл нәтиже жүргізушіге де ұнамай, дауыс бермеген екеуге шүйлікті. Қалыс қалған екеу өз шешімдерінің нақты себебін айта алмай, күрмелді де қалды. Данияның өкілі Димаш әнді жақсы орындағанымен жүрегіне жеткізе алмағанын айтса, Ұлыбританиядан келген продюсер «Жақсы орындағаның сен үздіксің дегенді білдірмейді» деп ақталды. Әрине, бұл жауап дауыс берген 48 елдің өкілін де, жүргізушіні де қанағаттандырған жоқ.

– Дауыс бермегендеріңіз үшін ұялуға тиіссіздер! – деді жүргізуші. Оны қолдаған көпшілік әлгі екеуге наразылықтарын білдіріп, уілдеп қоя берді.

Даниялық пен британдықтың біраз уақытқа дейін құлағы шыңылдайын деп тұр. Өйткені, Димаштың тек Қазақстандағы ғана емес, бүкіл әлемдегі жанкүйерлері әлгі екеуді жерден алып жерге салуда. «Димаш секілді талантты бұрын-соңды естіп көрмеген олар қалай бағалау керектігін де түсінбеген сыңайлы» дейді пікір білдірушілер. Иә, жәй ғана қалыс қалғандары үшін осылай талқыға түсерін сезбеген болар. Сол сәт сасқалақтап жауап таба алмағандарымен, кейін бағаламағандары үшін өкінбегені анық. Өйткені, Димаш арқылы өздеріне жарнама жасап алды. Қазақ баласының ұпайын кеміту арқылы әлем жұртшылығының назарын өздеріне аударта алды. Димаштың 100 пайыз дауыс жинай алмауы оның үздік бола алмағандығынан емес, пендешіліктен, іштарлықтан деп білеміз.

Қазақ баласының өнеріне тәнті болғандар әлемнің түкпір-түкпірінен сәлем жолдап, әлі де алған әсерлерін айтып тауыса алар емес. Ал елімізде орын алған қайғылы оқиғаларды есіне алған қазақ тыңдармандарының көздеріне жас алды. Не деген сәйкестік десеңізші, «S.O.S d’un terrien en détresse» әнінің соңғы екі қатары:

– Құс болуды қалаймын,

Ұйықта, балам, ұйықта, – деп аяқталады.

Осы ән арқылы кеше ғана Астанадағы өрттен қаза болған бес періштені тербеткендей күйге енеді екенсің… Димаштың елді тебіренткен дауысында, жүректерді жібіте алған әуенінде де біздің бес періштеміздің үні тұрғандай. Расында да ұйықтап жатып, құс болып ұшты да кетті емес пе? Димаш әнімен, жеткен жетістігімен жүрегімізді қуанышқа бөлеп, қазақ деген атымызды асқақтатып, жанымызды емдегісі келгендей. Әттең, енді бес құлыншағы құс болып ұшқан ата-ананың жаралы жүректері емделер ме екен, мына жалғаннан жұбаныш таба алар ма екен?!

Мирас ӘСЕМ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған