«ТҮРКІСТАН-ШЫМКЕНТ» ЖЕДЕЛ ПОЙЫЗЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

«Түркістан-Шымкент» бағытында бұған дейін де пойыз қатынайтын. Бірақ, ол бағыттың жету жылдамдығы жедел маршрутқа қарағанда әлдеқайда ұзағырақ еді.

Іске қосылған «Түркістан-Шымкент» жедел пойызы әзірге тек аптасына екі рет қана қатынайды. Дүйсенбі күні Шымкент қаласынан сағат 05:45-те, жұма күні Түркістан қаласынан сағат 19:25-те жолға шығады. Екі аралықта 2 сағат 15 минут жүретін пойыз тек Арыс қаласына ғана аялдайды.

Негізі пойыз 175 адамға шақталған. Жол жүру құны 609 теңге болып бекітілген. Билеттерді кез-келген теміржол кассаларынан немесе интернет арқылы алуға болады. Бұл жолаушылар үшін тиімді баға, сондай-ақ уақыт үнемдеуге де ыңғайлы рейс болғалы тұр.

Жаңа жылдың алғашқы жұмасында Түркістаннан Шымкент бағытына шыққан жедел пойыздың бірінші сапарына сәттілік тілеп, дүйім жұрт шығарып салды. Шығарып салу рәсіміне қатысқан Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нүкенов, жолға шыққалы тұрған пойызға сәт сапар тіледі.

«Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары, бүгін жағымды жаңалықтың куәсі болып тұрмыз. Түркістанның облыс орталығы болуына байланысты, облыстық басқармалар мен департаменттер қызметкерлерінің Шымкент қаласынан осында қоныс аударып, еңбек етіп келе жатқаны баршамызға белгілі. Екі қала арасында азаматтардың қатынауын оңтайландыру мақсатында жедел пойызды іске қосып отырмыз. Бұл Түркістан мен үшінші мегаполис арасындағы байланысты нығайтып, сондай-ақ туризмнің дамуына өз үлесін қоса түседі деп сенеміз», – деді Қайрат Теміршотұлы

Болашақта, аталмыш бағыттағы жедел пойыздың қатынау жиілігі тек аптасына екі рет қана емес, күніне екі рет болып өзгерсе де артықтық етпес еді деген сенімдеміз.

«Mixnews – ақпарат».

Фото: ontustik.gov.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған