МҮГЕДЕКТЕРДІ ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҚТАРЫ МЕН МАМАНДАР ЖЕТІСПЕЙДІ

Шымкент қаласындағы мүгедектердің өмір сүру деңгейін жақсартудың ұлттық жоспарын талқылау жөнінде дөңгелек үстел өтті. Жиынға Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Бауыржан Қуанышбеков, Шымкент қаласы Азаматтық Альянсы қауымдастығының президенті Жұмағали Білісбеков, қалалық басқарма басшылары, ҮЕҰ өкілдері қатысып, осы мәселе жөнінде атқарылған жұмыстарды талқылады. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Бауыржан Шереханұлы партияның алдында тұрған негізгі басымдықтары мен «Кедергісіз келешек» жобасы аясында атқарылуы тиіс жұмыстардан хабардар етті. Партия филиалы жанынан құрылған арнайы комиссия тексеру жұмыстарын ұдайы жүргізуде. Қалада мүгедектер үшін кедергісіз орта қалыптасуы тиіс.

– Былтыр қыркүйек, қазан айларында осы мәселені кеңінен талқыладық. Сол жиыннан нақты қандай қорытынды шығарылды? Зерделеу жұмыстарының нәтижесі қаншалықты? Биыл қандай жұмыстарды атқарамыз? Біз нақты істелінген жұмыстарды зерделеп, тиісті құзыретті мекемелерге ұсынуымыз керек. Қалада әліге дейін мүгедектерді оңалту орталықтары және онда мамандар жетіспейді, – деді партия филиалы төрағасының орынбасары.

Сондай-ақ, жиында денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ғалымжан Балтаев, еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің департамент басшысының орынбасары Төрехан Дауытов баяндама жасап, негізгі жоспарларын таныстырды.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған