ҚҰМАР ОЙЫНҒА ҚҰМАРТҚАН ӘКІМ

Аталған мәселе WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы тараған Шардара ауданы Қ.Тұрысбеков ауылдық округі әкімі Ә.Сейдалиевтің бірнеше ауылдың азаматтарымен бірге жұмыс орнында (жұмыстан тыс уақытта, сағат 21:00-де) карта ойнап отырған әрекеті Түркістан облысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңесте қаралды. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті хабарлады.

Нәтижесінде, мемлекеттік қызметшіге тән емес іс-әрекет жасау арқылы мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болып, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің талаптарын сақтамағаны үшін әкім Ә.Сейдалиевке «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жазаны қолдану үшін жоғары тұрған лауазымды тұлғаға (Шардара ауданы әкіміне) ұсынылды.

Сонымен қатар, аталған Әдеп жөнінде кеңесте мемлекеттік қызметшіге тәртіптік жаза қолдану тәртібін және мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің мерзімін жүйелі түрде сақтамағаны үшін Сайрам ауданының Қарасу ауылдық округінің әкімі Е.Бекбердиевтің тәртіптік ісі қаралып, қорытындысымен «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жазаны қолдану үшін Сайрам ауданы әкіміне тиісті ұсыныс енгізілді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған