БҮГІНГІНІҢ БАТЫРЫ ОРТАМЫЗДА ЖҮР

Бүгінгі қоғамда сан түрлі мамандық иелері бар. Әр қайсысының өз жауапкершілігі, өзіне артылған міндеттері бар екені айдан анық. Ал біз сөз еткелі отырған мамандық иелері ең алдымен өзінің емес, өзгенің өмірі үшін иықтарына үлкен жауапкершілік алады. Сондықтан да бұл қызметке келген азаматтар үшін парыз бен адамгершілік ұғымдары өзара егіз. Өйткені, олардың миссиясы қоғамдағы қолайсыз құбылыстарды реттеуден, тығырыққа тірелген кісілерге көмектесуден тұрады. Қол ұшын созудан, аяқ астынан келген апаттан аман алып шығуға бар күш-жігерлерін салады. Олардың басты мақсаты өз өмірлерін қауіп-қатерге тіге отырып ел тұрғындарын қажет кезінде құтқарып қалу. Біз төтеншелік мамандар, құтқарушылар жайлы айтып отырмыз. Сөз төркінінен өздеріңіз де аңғарған боларсыздар.

Биылғы жылы көктемнің екінші айында Түркістан облысында суару каналына құлап кеткен екі жасар бала құтқарылғаны туралы ақпарат тараған болатын.

Оқиға барысы жайлы ресми мәліметте 30 сәуірде 19:47-де Кентау қаласы, Хантағы ауылы, Төреқұлов көшесінде болған. 500 мм суару құбырына кәмелет жасқа толмаған баланың құлап кеткені туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына барған кезде ересектердің қарауынсыз қалған 2020 жылы туған бала құбырға құлап, 15 метр қашықтықта тұрып қалғаны анықталды. Сонымен қатар Құтқару операциясына Түркістан облысы ТЖД 3 құтқарушысы және 1 бірлік техникасы жұмылдырылғаны, құтқарушылар зардап шеккен баланы құбырдың ішінен алып шығып, жедел жәрдем қызметкерлеріне табысталғаны туралы да айтылған болатын.

Естеріңізге сала кетейік, Кентау қаласында суару каналына құлап кеткен баланың жасы небары екіде болатын. Осынау оқиғаның басы-қасында жүріп, құтқару жұмысына тікелей атсалысқан Түркістан облысы ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ Кентау қаласындағы №12 ӨСБ бөлімше командирі азаматтық қорғау аға сержанты Керимбеков Нургали Жусипалиулынан аталмыш оқиға жайлы сұрап едік.

 «Әдеттегідей күнделікті кезекшілігімізді атқару барысында, шамамен кешкі уақытта кішкентай баланың суару каналына құлап кеткені жайлы хабар келіп түсті. Жеке құраммен шұғыл түрде шығып кеттік. Оқиға орнында біршама адам жиналып, абыр-сабыр болып жатқан еді. Зардап шегушінің анасы жылаған күйі жағдайды анық түсіндіре алмады. Осылайша, біз құтқару жұмысына кірісіп кеттік. Бірақ та, баланың дауысы шықпаған себептен және де құбырдың ұзын болу себебінен бізге баланың құбырдың қай басында қалып қойғандығын анықтау қиынға соқты. Мұндай жағдайда жылдам шешім қабылдау керек. Басымды төмен түсіріп, қолшаммен құбырдың ішін қарай бастадым. Баланың басы көрінді. Бірақ та, баланың дауысы шықпады. Уақыт өте аз болды. Киімімді шешіп, аяғыма құтқару арқанын байлатқызып, құбырға кіріп кеттім. Құбырдың іші тар болуына байланысты, ауа да аз болды. Қолымды тікелей созып, еңбектеген күйі шамамен 15 метр жерде баланың дем ала алмай, тұншығып жатқанын байқадым. Баланың басын көтеріп, баяулап, артқа қарай құбырдан шығара бастадым. Шығарға 2-3 метр қалғанда бала есін жиып, дауысы шығып, жылай бастады. Жақын арада өнеркәсіп болуына байланысты, бала құбырдағы лас суды жеткілікті жұтып қойған екен.  Баланы аман-есен шығарып, жедел-жәрдем қызметкерлеріне табыстағанымызға қатты қуандық. Қобалжығанымды айтып жеткізе алмаймын. Қазіргі таңда, баланың жағдайы тұрақты екен, ата-анасымен бірге,» – деген бүгінгінің батыры өз ісін батырлық емес, қызмет барысындағы жауапкершілікке теңеп отыр.

Дегенмен, бір баланы ажалдан арашалап, бір ата-ананың бауырына баласын қайтару дегеніңіз үлкен ерлік. Қауіпке басын тігіп бала құтқарса да қарапайымдылығынан танбаған батырымыз: «Құрметті, ата-аналар және ересектер, сіздерден, балаларыңызды қараусыз қалдырмауларыңызды сұраймыз. Бұндай жағдайдың қайталануына жол бермейік!»-деп өз өтінішін де білдірді.

Бүгінгі күннің батыры  Түркістан облысы ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ Кентау қаласындағы №12 ӨСБ бөлімше командирі азаматтық қорғау аға сержанты Керимбеков Нургали Жусипалиулының өтінішіне құлақ аса жүрейік құрметті ата-ана. Бала болашағымыз болса, ал сол баланың қауіпсіз өмірі ең алдымен ата-ананың мойынындағы жауапкершілік екенін ұмытпайық.

Жалпы осы орайда құтқарушылардың, төтеншелік мамандардың жұмысына аз-кем тоқтала кетейік. Әдетте құтқарушылар барлық қауіпті оқиғалардың ортасында жүреді. Жаз мезгілінде көбінесе суға бату фактілері жиі кездеседі екен. Байқасаңыздар, құтқарушылар небір тосын шақыруларға аттанады,. Балалары бастарына құмыра киіп, қайта шығара алмай қалған немесе кілтін үйге ұмытып кетіп, есігін аша алмай әуреге түскен тұрғындар дереу осы қызметке жүгінеді. Тек адам тағдыры үшін емес, табиғат, табиғатты қоршаған орта, жан-жануарлар өмірі үшін де күресіп жатады. Құтқарушылар сынап төгілген жерді де түгелдей залалсыздандырады, іштен кілттеніп қалған есігіңізді де ашуға көмектеседі, ағашқа өрмелеп төмен түсе алмай қалған мысығыңызды да қолыңызға табыстайды, құдыққа құлап кеткен итіңізді де өзіңізге қайтарады. Өрт салдарын жойып, өртті сөндіруге өз күштерін салады. Жалпы қиындығы мен, жауапкершілігі жоғары жұмысты адал атқарып жүрген Түркістан облысы ТЖД мамандарына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Себебі, нендей қауіпке де тойтарыс беріп, бұқараның жайлы тұрмысын күзететін осы сала мамандары.

Ақниет БАҚЫТ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған