РҰҚСТА ЕТІЛМЕГЕН ТҰСТА ШОМЫЛУҒА БОЛМАЙДЫ

Сақтық шараларын жасамай, рұқсат етілмеген тұстарға шомылатын болсаңыз заң жүзінде жазаланатыныңызды білесіз бе? Қауіптің алдын алу, суға батып кетуден сақтау шараларын, Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаменті мамандары қайта-қайта ескертіп, үгіт-насихат жұмыстарын, алдын алу  жұмыстарын жүргізсе де кейде айыппұл төлеп, заңмен жазаланып жататындар бар. Олар ең алдымен өз өмірлерін, өз отбасының өмірін қауіп-қатерге тігіп жатқаныннан бейхабар болады. Биылғы өткен жарты жылдың өзінде «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 440 бабы бойынша 184 жеке тұлғаға 2 млн.052 мың 210 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Сондай-ақ, 364-бап «ескерту» бойынша 218 жеке тұлғаға берілген екен.

Түсінеміз, шіліңгір шілде жетпей-ақ, жаз маусымы басталысымен жаппай шомылуға барғымыз келетіні рас. Балалар тұрмақ, үлкендердің өзі жұмыстан бос уақытында шомылатын жер іздеп, өзен, көл, бассейн, жағажайларды жағалап  кететініміз бар. Суға түсіп, сергігіміз-ақ келеді. Бірақ кейде сақтық шараларын қолдануды ұмытып кетіп жатамыз. Төтенше жағдайлар қызметкерлері қаншалықты ескертіп жатса да, жыл сайын суға кетіп жатқан адамдардың саны азаятын емес.   Сондықтан да суға батып бара жатқан адамға алғашқы көмек беруді әрбір жан білуі тиіс деп ойлаймыз.

Ең алдымен суға батқан адамды шашынан немесе қолтығынан ұстап, жағаға шығаруға әрекет жасау керек. Құтқарушыға, яғни өзіне жармасуға мүмкіндік бермеген жөн. Бетін жоғары қаратып, жағаға алып шыққан соң басы кеудесінен төмен күйде жатқызу қажет. Зардап шегушіні теріс айналдырып, тізеге төмен қаратып қойып, арқасынан қағыңыз. Сол кезде ішіне кеткен сулар шығады.  Уақыт өткізбей тез арада жасанды дем беруді бастаған жөн.

Жедел құтқару жасағының мамандары айтқан кеңеске көз жүгіртсек, жасанды дем берудің «ауыздан ауызға» немесе «ауыздан мұрынға» техникасы —   ыңғайлы әдіс екен.

«Ауыздан ауызға» жасанды дем беру техникасы

  • Зардап шеккен адамның жанында отырып, бір қолыңызды оның маңдайына, екінші қолыңызды иегіне қойып, басын шалқайтып, төменнен жоғарыға көтеріп, қысу қажет.
  • Саусақпен иегін ұстап, төменгі ернін қысып, аузын жабу керек.
  • Терең дем алып, оның     мұрнына қатты дем жіберу қажет.

«Ауыздан мұрынға» әдісімен жасанды дем беру техникасы

Егер құтқарушыда арнайы жабдық болса, зардап шеккен адамды шалқасынан жатқызып, жауырын арасына білік қойып, басын шалқайту керек.

  • Ауа өткізгіш құралдың бір шеті оның аузына кіргізу керек. Ауа өткізгішті тіс арасынан жоғарғы иілген жағы мен ойысқан жағын төмен айналдыру қажет.
  • Ауа өткізгіш   тіл ауыздың түбіне қыстырылып, тыныс жолын жауып тастамауы керек. Мұрнын екі жағынан саусақпен қысу қажет;
  • Терең демалып, ауа өткізгіштің шетін ауызға алып, дем беру керек. Содан кейін құтқарушы ауа өткізгіштің шетін босатуы керек.

Жүрекке массаж жасау тәсілі

Суға батқан дамның төс сүйегін алақанымен басқанда тоқтаған жүрек төс сүйегі мен омыртқа аралығында қысылып, оның көлемі кішірейеді де, қолқа мен өкпе артериясындағы қан сығылып шығады.

Алақанды босатқанда төс сүйегі жазылып, жүрек көлемі қалпына келіп, тамырдан келген қан оған қайтадан құйылады. Жүрек сылай жиырылып-созылады. Бұл тәсіл жүректің насос сияқты жұмыс істеуіне және қанның айналуына мүмкіндік береді.

Жоғарыда жазып өткеніміз – жедел жәрдем келгенге дейінгі алғашқы көмек көрсету тәсілі. Дегенмен жағдайды бұл ахуалға жеткізбегеніміз дұрыс. Сақтықта қорлық жоқ. Суға түсер алдында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керек.

1.Суға тек рұқсат етілген орындар мен жағажайларға ғана шомылыңыз.

2. Шектейтін белгілерге мұқият назар аударыңыз. Көпірден, жағалаулардан суға секірмеңіз.

3. Кішкентай балаларды бір сәтке де  назардан тыс қалдырмаңыз.

4. Тамаққа тойып тұрып, суға түспеңіз.

5. Ішімдік ішкен күйде суға  шомылмаңыз.

6. Су ішінде ұзақ уақыт тұруға болмайды. 

А.ЗАМАН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған