ӘДІЛЕТСІЗДІКТЕР МЕН АРСЫЗДЫҚТАРДЫ АЗАЙТУҒА БОЛАДЫ

«Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметов 2018 жылдың қорытындысы бойынша салалық басқармаларды жекелей қабылдап, есептерін тыңдауды бастады. Алдымен облыс әкімдігінің дін істері және тілдерді дамыту басқармаларының жұмыстары қаралған есепті жиынға аталмыш басқарманың мамандары мен аудан әкімінің орынбасарлары да қатысты» деп хабарлайды Жамбыл облысы әкімдігінің ресми сайты.

Жамбыл облысындағы діни ахуалдың жай-күйі мен дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы қаралған жиында облыс әкімдігінің дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров баяндама жасады. Оның айтуынша былтыр жыл басында жасалған облыс әкімі мен қала және аудан әкімдері арасындағы басқармаға тиесілі екі индикаторлық көрсеткіштердің толығымен орындалған. Сондай-ақ, басқосуда 2018 жылдың 3 мамырында өңір басшысының төрағалығымен өткізілген кеңестің №51 хаттамасына сәйкес берілген тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды.

Басқарманың мәліметіне сүйенсек, өткен жылы «Нұр Мүбәрак» университетінің оқытушылары құрамының қатысуымен өңірдегі 100 имамға арналған 2 апталық оқыту курсы ұйымдастырылған. Бұған дейін имамы болмаған облыстағы 16 мешіттің де мәселесі толығымен шешіліп, діни қызметшілермен қамтылған. Мектептердегі «зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінен сабақ беретін барлық мұғалімдер арнайы курстан өткен. Сонымен қатар, пәнді меңгеру деңгейін анықтау үшін, 450 мұғалім, 16127 оқушының қатысуымен тестілеу жүргізілген.

Әйтсе де, шешімін таппаған мәселелер де жоқ емес. Атап айтсақ, 23 хаттамалық тапсырманың 14-і шешімін тапса, қалғаны орындалмаған болып шықты. Өңірдегі жеке меншік иелігіндегі мешіттердің ғимараттары мен жер телімдерін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының меншігіне өткізу мәселесі толығымен шешімін таппаған. 19 мешіттің құжаттары рәсімделуде десек, 4 мешітті ҚМДБ меншігіне өткізуге кедергілер туындауда. Шетелді діни білім алып жатқан 26 азаматтың 10-ы сенімді, 16-ы күмәнді оқу орындарында оқуда.

Асқар Исабекұлы оқыту курсы мен мектептегі «зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінің тақырыптарын толықтырып, нақтылауға басқарманың атсалысу керектігін ескертті. Сондай-ақ, жеке меншіктегі мешіттерді ҚМДБ-ның меншігіне өткізуде тиянақты жұмыс жүргізуді тапсырды.

Өңір басшысы, діннің ұрпақ тәрбиесіндегі маңыздылығын айрықша атап өтіп, ертең ел тұтқасы болар бүгінгі өрендерге имандылық пен білімді дұрыс сіңіру арқылы қоғамдағы әділетсіздіктер мен арсыздықтарды айтарлықтай азайтуға болатынын жеткізді.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған