ДИМАШТЫҢ ЖАНКҮЙЕРЛЕРІ СОТТАСУҒА ДАЙЫН

Күні кеше АҚШ-тағы танымал сайттың бірі – Ranker «Дәуірдің үздік әншілері» («The Best Singers of All Time») деген атпен дауыс жинау шарасын өткізген болатын. Ол тізімге талантты әншіміз Димаш Құдайберген де енген еді. Тіпті, дауыс беру аяқталғанға дейін жерлесіміз екінші орында тұрған. Неге екені белгісіз, кенет 369-орынға топ ете қалыпты. Неге?

Осы сұрақ Димаштың жанкүйерлеріне маза берер емес. Екінші орында тұрған сүйікті әншілерінің үздік ондыққа да енбей қалуын олар қолдан жасалған әрекет деп есептейді.

Әрине, қазақ жігітінің өнеріне табынушылардың бекер шырылдап жүрмегені түсінікті. Жарайды, ондыққа да енбей-ақ қойсын делік, бірақ жүздіктің ішінен санаулы сағатта түсіп қалуы мүмкін емес қой. Сонда мұны қалай түсінуге болады? Біздіңше, оның бір ғана жауабы бар. Сайт қызметкерлері өздері күтпеген нәтиже тіркелген соң тізімді қолдан жасауға барған.

Димашқа басқа жақтан дауыс бермегеннің өзінде, 2018 жылы Қытайда өткен «I Am a Singer» байқауынан жинаған қалың жанкүйерінің дауысы тізімдегі кез келген әншімен бәсекелесуге жететіні анық. Дауыс берудің соңына қарай екінші орынға дейін көтерілгені де сондықтан. Димаштың талантына ешкім де таласа алмас. Бірақ енді ғана әлемге таныла бастаған қазақ әншісінің өнер әлеміне еңбегі сіңген қаншама жұлдыздардың алдын орап кеткені оларға ұнамағаны анық.

Бұл – дауыс жинау шарасын ұйымдастырушылардың тарапынан кеткен қателік. Тізімге еңбегі сіңген, ән жинағы ең көп таралыммен сатылған деген сияқты шарттарды ескере отырып есімдерді енгізуі тиіс еді. Сонда Димаштың тізімге енбей қалғанына да ешкім өкпелес еді. Көкке көтеріп барып тастап жібергендей күй кешкен Димаштың нәтижесі қай жанкүйерге ұнасын?!

Қалай болғанда да, жерлесіміздің тыңдармандары үнсіз қалмайтын сыңайлы. «Бұлай жалғаса беретін болса, алдаудан көз ашпайтынымыз анық» дескен олар аталмыш сайтты сотқа беруге де дайын екендерін айтуда.

Мирас ӘСЕМ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған