МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТІКЕЛЕЙ ПРЕЗИДЕНТ ӘКІМШІЛІГІ ЖӘНЕ ҮКІМЕТ АРҚЫЛЫ ШЕШЕМІЗ

«Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Абай ауданы әкімінің қорытынды есебіне қатысты» деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов тұрғындардың басты қажеттілігі – жол, жарық, ауыз су, қаланың тазалығы, көгалдандыру мен абаттандыруындағы нақты қолға алған шараларды баяндады. Дегенмен, халық тығыз шоғырланған ауданда алдағы уақытта атқарылуы тиіс жұмыстар жетерлік екен.

Шешімін таппай келе жақтан мәселенің бірі – құжат рәсімдеу. Аудан аумағындағы 7 елдімекенде құжаттары жоқ және толық рәсімделмеген 2160 үй бар. Олар – қалаға Сайрам, Ордабасы, Төле би аудандарынан қосылған елдімекендер.

– Біз ол үйлерге қатысты талдау жасадық. Жаңаталап, Игілік елдімекендерінде рәсімделмеген 868 үй болса, оның 754-не мүлдем құжат жоқ. 114 үйдің құжаты жер комисиясының қорытындысы берілген. Сәуір айына дейін түгендеу жұмыстарын жүргізіп, шілде айынан бастап уақытша 2 жылға шешім беріледі. Әрі қарай тиісті құжаттарды алады, – деді аудан әкімі.

– Шымкент – республикадағы аумағы жағынан ең үлкен қала. 2018 жылы 19 маусымда Елбасының жарлығына сәйкес дербес қала мәртебесін алдық. Биыл алғаш рет өз бюджетіміз болады. Қаладағы түйткілді мәселелерді тікелей Президент Әкімшілігі және Үкімет арқылы шешеміз. Биыл қалаға 1000 қоғамдық көлік алдырып жатырмыз. Жыл соңына дейін биылғы жоспарда бар мәселелеріңізді қараймыз, – деді Ғабидолла Әбдірахымов.

Аудан басшысының есебіне оң бағасын берген қала әкімі жиын барысында өтініш-тілектерін айтқан тұрғындардың мәселелерін тез арада қарауды тапсырды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған