АРЫСТА КҮН ЭЛЕКТР СТАНСАСЫ САЛЫНУДА

Арыс қаласында күн сәулесінен баламалы электр энергиясын өндіретін стансаның құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласына арнайы жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында Өмірзақ Естайұлы «Ауылым – алтын бесігім» жобасы аясында атқарылатын жұмыс жоспарымен танысты. Бағдарламада Арыс қаласын көгалдандыру, саябақтарды қайта жаңғырту жұмыстары қаралған. Сонымен қатар, салынғалы жатқан оқушылар сарайы, жазғы сауықтыру лагері және спорт кешенінің жобасымен танысты. Қазіргі таңда Арыс қаласында дене шынықтыру – сауықтыру кешені жұмыс істеп келеді. 2015 жылы пайдалануға берілген кешенде спорттың бірнеше түрі бойынша үйірмелер жұмыс істейді.

Атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан аймақ басшысы «Ауылым – алтын бесігім» жобасын жүйелі түрде іске асыра отырып, қала және елдімекендерде абаттандыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Әлеуметтік нысандар саларда халыққа бірінші кезекте қажеттілік тудырған жобаларды қолға алу керектігін айтты. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласының дамуын қарқындатуға күш салу керектігін жеткізді.

Одан бөлек, облыс басшысы «KazGreenTekSolar» ЖШС-не тиесілі күн сәулесінен баламалы электр энергиясын өндіретін стансасының құрылыс жұмыстарымен танысты. Франциялық «УрбоСолар» компаниясымен бірлескен жобаға жеке және Еуропалық даму банкінен 7 млрд. теңге қаралған. Стансаның жалпы аумағы 30 гектар жерді алып жатыр. Алдағы уақытта күн электр стансасы 14 мВт электр қуатын өндіретін болады. Жоба іске қосылғанда 30 адам тұрақты жұмысқа орналасады.

Аймақ басшысы Байырқұм ауылдық округінде құрылып жатқан “International company of Cotton” компаниясының SPK-1 ауылшаруашылық өндірістік кооперативінде де болды. Мақта өндірумен айналысатын мекеме 2020 жылға дейін жүзеге асырылатын болады. Жобаның жалпы инвестициялық құны 5 млрд. теңгені құрайды. Кооператив меншігінде 5 мың гектар егістік жер бар. Бірінші этап бойынша 2 мың гектар жерді жыл соңына дейін игеретін болса, қалған жерді екінші этаппен келесі жылы пайдаланатын болады. Жобаның ерекшелігі – гектарынан 6-8 тонна шитті мақта, 40 пайыз талшықты мақта өндіреді. Бұл технология су шығынын 5 есеге дейін төмендетеді. Кооператив толық іске қосылғанда 500 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланған.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған