ШЕНЕУНІКТЕРГЕ ЕМЕС, ХАЛЫҚҚА ЫҢҒАЙЛЫ БОЛУЫ ТИІС

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек және жұмыспен қамту мәселелері бойынша жиын өткізді. Бұл туралы ҚР Президентінің ресми сайты хабарлады.

Жиынға Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және инвесторлар мен ірі компаниялардың басшылары қатысты.

Қазақстан Президенті бұл саладағы мемлекеттік саясат халықты лайықты жұмыспен қамту және әділ еңбекақыға негізделуі тиіс деп атап өтті. Ол үшін Үкіметтің алдына шұғыл шешілуі тиіс бірнеше міндет қойды.

– Бірінші. Еңбек нарығының сұранысына сай мамандар даярлау. Төртінші өндірістік революция жаңа мамандықтардың пайда болуына әкеледі. Бүгінде алған білімнің уақыт өткен сайын жарамсыз боп қалуы жиі кездеседі. Үкімет білім беру бағдарламаларының әлемдік стандартқа сай кешенді жаңаруын қамтамасыз ету қажет.

Сапалы жұмыс орындарын құру – екінші негізгі міндет.

Біздегі құрылып жатқан жұмыс орындарының көбі қысқа мерзімге бейімделген. Мұндай әдіспен халықты тиімді жұмыспен қамтамасыз ету мүмкін емес, еңбек нарығын уақытша ғана тұрақтандырады. Сондықтан, біз ең алдымен маман жетіспейтін өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, туризм, қызмет көрсету, ақпараттық технологиялар салаларында тұрақты жұмыс орындарын ашуымыз қажет.

Үшінші міндет – Жұмыспен қамтудың жаңа қалыптары.

Қазіргі кезде еңбек шарты, кәсіподақ, еңбек демалысы сияқты ұғымдар өзгеріске ұшырауда. Фрилансерлердің, аут-сиафферлердің және басқаларының саны көбеюде. Осыған байланысты нормативтік реттеулерді қайта қарау қажет.

Жоғары оқу орындарды бітірген түлектердің жұмысқа орналасуы 50 пайыздан сәл ғана асады. Біздегі «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға», «Серпін», «Жастар – Ел тірегі», «Жастар практикасы» сияқты бағдарламалардың тиімділігін арттыру керек. Олардың қайсы нақты жұмыс істейді, қаншасы жүзеге аспай жатыр? Осыларды қайта қарау қажет. Бұл мәселені ұдайы назарда ұстау керек.

Бесінші – инклюзивтілік.

Бүгінде Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі 410 мың адам еңбекке қабілетті. Олардың тең жартысы қалыпты еңбек жағдайында жұмыс істей алмайды. Яғни, 120 мың адам жұмысты қажет етіп отыр.

Еңбек мобильділігін арттыру алтыншы – міндет.

Бұл мәселеге кешенді түрде қарау керек. Шенеуніктерге емес, адамдарға ыңғайлы болатын тиімді жолдарын қарастыру қажет. Үкімет пен әкімдерге бірлесіп мобильді еңбектің тиімділігін арттыру тетіктерін жасауды тапсырамын, – деді Қазақстан Президенті.

Үкіметке жүктелген соңғы міндет – гендерлік тең құқықты нығайту. Қасым-Жомарт Тоқаев біртіндеп әйелдердің еңбегін қорғау, олардың мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлерінде және корпоративтік салаларға қатысуын қамтамасыз ету шараларын әзірлеу қажеттігін айтты.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған