КӨПБАЛАЛЫ 15 МЫҢ ОТБАСЫ ӨЗ ІСІН АШУҒА МҮМКІНДІК АЛАДЫ

Шілденің 4-і мен 6-сы аралығында «Көрме» кешенінде «Асыл ана» әлеуметтік жобасы аясында тұңғыш рет Елорда күніне арналған «Көрпе Fest» мега-фестивалі өтуде. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен қала әкімдігі ұйымдастырған шараға Бердібек Сапарбаев пен Алтай Көлгінов қатысты. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ресми интернет-ресурсы хабарлады.

Бұл шарада көпбалалы аналар үшін тігін және қолданбалы өнерді үйрету бойынша тегін оқыту сабақтары және тренинг-семинарлардан өткен қатысушылар өз жұмыстарын ұсынатын көрме ұйымдастырылды. Көрме жеңімпаздары дипломдармен, тігін машиналарымен және басқа да бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Айта кетерлігі, мастер-класстарды этникалық стильде ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын шығаратын, еліміздің белгілі этно-дизайнері, ҚР Президентінің «Алтын Сапа» сыйлығының лауреаты Ырза Тұрсынзада өткізуде.

– Табысы төмен көпбалалы аналар өз кәсібін ашып оны табыс көзіне айналдырған еліміздің іскер әйелдерінен үлгі алуы керек. Өйткені, бұл тек өмір сүру сапасын жақсартуға ғана емес, сондай-ақ өздері сияқты азаматшалар үшін жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді, – деді Бердібек Сапарбаев құттықтау сөзінде.

Ведомство басшысы нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» Мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін көпбалалы ауыл тұрғындарына 505 мың теңгеге дейін гранттар қарастырылғанын атап өтті.

– Мәселен, көпбалалы отбасы тігін машинасын және қажетті материалдарды сатып алуға берілген қаражатты пайдаланып, төсек-орын, ұлттық киім және басқа да бұйымдарды үй жағдайында тігуге мүмкіндік алады, – деп атап өтті министр.

Сондай-ақ көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар мен жастар үшін 5 мың жеңілдетілген микронесие беруге квота қарастырылған. Осының нәтижесінде биыл 15 мың көпбалалы отбасы өз ісін ашып, табысын арттыруға мүмкіндік алады.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған