ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫ БІРІКТІРІП, ҰЙЫСТЫРА ТҮСТІ

«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Шымкент қаласына іс-сапармен келді. Осыған орай «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы ғимаратының алаңында салтанатты жиын өтті. Іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысты. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Қыдырғалиұлы Арыстағы төтенше жағдайдың зардаптарын жою бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

– Қазір барша қазақстандықтар Арыстағы ағайынмен бірге алаңдап, көмек қолын созуда. Бұл төтенше жағдай қазақстандықтарды одан әрі біріктіріп, ұйыстыра түскенін көріп отырмыз. Біз – Арыс тұрғындарымен біргеміз. «Nur Otan» партиясы да зардап шеккендерге бей-жай қарамай, барынша қолдау көрсетуде. Қазіргі таңда қалаға қайырымдылық көмек әлі де жеткізілуде. Осы орайда «жасотандықтардың», сонымен қатар шымкенттік еріктілердің белсенділігін де ерекше атап өткен жөн. Қазір қаланы қалпына келтіру жұмыстарына біздің партия да тікелей қатысып, жұмыстың жүйелі түрде жүргізілуін бақылауда ұстайды, – деді Б.Байбек.

Жиында Шымкент қаласының «Құрметті азаматы», қалалық мәслихаттың депутаты Еркін Сатқанбаев, айтыскер ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Біржан Байтуов және басқа да қоғам қайраткерлері мен партия белсенділері сөз сөйледі. Сондай-ақ, Түркістан облысы, Арыс қаласының ақсақалы Сағатбек Ахметов сөз алып, сын сағатта қолдау танытқан барша қазақстандықтарға алғысын білдірді.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған