СЕЙСМИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ БОЙЫНША СЕМИНАР ӨТТІ

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары А. Жетпісбаймен бекітілген «2021-2023 жылдарға арналған сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жұмысты арттыру туралы» жоспарына сәйкес «Жастар ресурстық орталығы» КММ-де ерікті жастармен «Жер сілкінісі салдарын жеңілдету және әзірлікті қамтамасыз ету» туралы семинар жиналысы өткізіліп, хаттама түзілді. Жиналысқа Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бас маманы азаматтық қорғау аға лейтенанты А. Қырықбай, аға инженері азаматтық қорғау капитаны Ж. Ілясов қатысты.

«Апат айтып келмейді» демекші, жер сілкінісі қашан болатыны белгісіз, сондықтан үнемі дайындық үстінде болу керек. Ол үшін төмендегі кеңестерге сүйенген жөн:

Үйде, жұмыс орнында, мектепте, көшеде қауіпсіз орындарды бағдарлау;

Отбасы мүшелерімен жер сілкінгенде не істеу керек екенін талқылап, алғашқы медициналық көмек беру ережесін үйрену;

Дәрі қорабын дайындау және ондағы дәрі-дәрмекті қолдану ретін білу;

Құжат, ақша, қалта шамын үнемі ыңғайлы орынға қою;

Кереуетті терезе мен қабырғалардан алшақ орналастыру;

Үйге кіретін жолды жиһаздармен, өзге заттармен бөгемеу;

Шкафтар мен сөрелерді шегелеп бекіту, үстіне ауыр заттар қоймау;

Улы химикат, тез тұтанатын сұйықтық секілді қауіпті заттарды жақсы оқшауланған сенімді орында сақтау.

Жер сілкінгенін ғимараттың шайқалғанынан, шамдардың теңселгенінен, ыдыс-аяқ пен әйнектердің сылдырынан, күшейіп жатқан гуілден білуге болады. Бұл жағдайда ең бастысы – үрейге бой алдырмау.

Жер сілкінісі кезінде ең қауіпсіз жер – ғимараттан алыс көше мең алаң. Сондықтан, бірінші дүмпуден кейін тез және қысқа жолмен далаға шығу керек. Өздігімен жүре алмайтындарға қауіпсіз орынға шығуға көмек берген дұрыс. Бұл жағдайда заттарды жинауға уақыт кетіруге болмайды. Мүмкін болса, тек құжаттар мен ақшаны алған дұрыс. Лифтті пайдалануға тыйым салынады. Төменге баспалдақпен не өрт сатысымен түсу қажет. Мұндай жолмен ғимараттан шығу мүмкін болмаса төсек жаймасынан арқан жасап, оны жылу батареясына байлаңыз да, терезеден түсуге болады. Бұл – балалар мен зардап шеккендерді құтқарудың тиімді тәсілі.

Айта кетейік, семинар барысында ерікті жастар тарапынан қойылған төтенше жағдайлардың алдын алу саласы бойынша қосымша сұрақтар да өз жауабын тапты.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған