ЖҰМЫССЫЗДЫҚПЕН КҮРЕСУДЕГІ ЕҢ ТИІМДІ ЖОЛ – ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА КӘСІПКЕРЛІК

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің Сарыағаш ауданы тұрғындарымен есептік кездесуінде аса маңызды мәселелер қозғалды. Ауыл билері, тұрғындар облыс әкіміне инфрақұрылым, жайылым жер, ағын су, мектеп салу және өзге де мәселелерге қатысты сұрақтар қойды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

– Түркістан облысында ірі зауыттар салынып, үлкен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бірақ жұмыссыздықпен күресудегі ең тиімді жол – шағын және орта кәсіпкерлік. Өз бизнесін бастаймын дейтін азаматтарға былтыр 500 мың теңге көлемінде грант берілсе, биыл ол қаржы 1 миллион 200 мың теңгеге жетіп отыр. Әсіресе ауылда әр тұрғын өзінің үй іргелік жерін тиімді пайдаланып, ауыл шаруашылығымен айналыса алады. Диқандарға су үнемдеу технологиялары түсіндіріліп жатыр. Қолдау көрсетілуде. Өңірде құрылыс пен инвестиция көлемі еселеп артты. Ол деректерді білесіздер. Сарыағашқа тоқталсақ, мұндағы мәселелер де бізге белгілі. Ауыз су, инфрақұрылым түйткілдері кезең-кезеңімен шешіліп келеді, – деді ол.

Кездесуде Қабланбек ауылының тұрғыны су мәселесін көтерсе, Ақжар елді мекенінің биі 4 көшеге асфальт төселсе деген өтінішін айтты. Көктерек кентінің тұрғыны электрмен қамтуды талап етті. Өңір басшысы бұл үш мәселе де шешілетінін мәлімдеді. Өгем жақтан су электр станциясын салу жоспарланғанын, сол су көзі Сарыағаш, Келес және оңтүстіктегі өзге аудандарға бағытталатынын мәлімдеді. Сарыағаштағы көпқабатты үйлерді кәріз жүйесімен қамту ісі де бақылауға алынып, шешілетін болды. Екі жоба қаралып, соның бірі қолданылмақ. Жылға ауылының тұрғынына мектеп мәселесі шешілетіні айтылса, Қабланбектегі мектеп күрделі жөндеуден өтетіні де айтылды.

Кездесуден кейін облыс әкімі бір топ тұрғынды өтініштері бойынша жеке қабылдады. Қабылдауда мектеп салу, Көктеректегі кәріз жүйесі мәселесі, амбулатория салу және өзге де ұсыныстар берілді. Облыс әкімі Көктеректегі кәріз жүйесіне қатысты мәселені қатаң бақылауға алып, мердігердің жұмысы қадағаланатынын жеткізді. Өзге сұрақтар мен өтініштерге де заң аясында жауап, кеңес берді.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған