ЖАЙЫЛЫМ ТАПШЫЛЫҒЫ – БАРЛЫҚ АУДАНҒА ТӘН ПРОБЛЕМА

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Келес ауданына барып, тұрғындармен кездесті. Ұсыныс-пікірлерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Облыс әкімі алдымен «Мерген-Н» ЖШС минералды су, алкогольсіз сусындар өндіру зауытының жұмысымен танысып, сол маңда тұрғындармен кездесу өткізді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыс әкімі мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен кәсібін бастаған азаматтар мен тауар өндірушілердің көрмесін тамашалады. Мемлекеттік грант иегерлері бизнес бастап, жаңа кәсіпті игеруде. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы саласындағы жобалармен танысты. Жергілікті өнертапқыш әрі ауыл шаруашылығы саласының маманы Абзал Жасұзақтың құрастырған шағын тракторын көрді.

Келестіктер органикалық тыңайтқыштарды өндіруді қолға алған.

Калифорния қызыл құртынан (шылаушын) жасалған таза органикалық тыңайтқыш химиялық тыңайтқыштарға кететін шығындарды азайтып, жердің құнарлығын арттырып, өнім көлемін арттыруға септігін тигізеді.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев келестіктермен кездесіп, олардың сауалдарын тыңдады. Кездесуде тұрғындар әсіресе, жайылым мәселесін көп қозғады. Сонымен бірге мектеп тапшылығы да ашық айтылды. Газбен қамту, мал ұрлығы, каналдарды жөндеу және өзге де сұрақтар қойылды. Өңір басшысы мал ұрлығы бойынша жергілікті полиция басшысына жұмысты ширату жөнінде тапсырма берді.

– Жайылым тапшылығы – барлық ауданға тән проблема. Мал басы артқан. Мемлекет тарапынан пайдаланылмай жатқан алқаптарды ортақ жайылымға беру бойынша жұмыс жүріп жатыр. Бірақ онымен шешілуі қиын. Бұл ретте малшыларымыз мал бордақылау алаңдарын көбейту ісін қолға алғаны жөн. Жайылымдарды көбейту жұмысы жалғасады. Екіншіден, жұмыссыздық мәселесіне келсек, қазір үкімет тарапынан, облыс әкімдігі тарапынан жұмыс орындарын қысқартпау бағытында жұмыстар жүріп жатыр. Ауылда ауыл шаруашылығымен айналысу, үйіргелік жерді пайдалану тиімді. Оны үйретіп те, кәсіпкерлікке ден қойған азаматтарға қолдау көрсетіп те жатырмыз. «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы Келес ауданынан бастау алған. Қазір аймаққа кең таралды. «Саңырау» каналы жөнделеді. Жалпы, су жылдан-жылға азайып жатыр. Тамшылатып суғару әдісіне көшу қажет. Мектеп мәселесіне келсек, жыл сайын Келесте 2-3 мектеп салынады. Бұл мәселені да назарда ұстап отырмыз, – деген Өмірзақ Шөкеев жол мен газға қатысты өтініштерді де назарға алып, жауапты басшыларға тапсырма берді.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған