БҰЛ ҚАРАПАЙЫМ АЗАМАТҚА НЕ БЕРЕДІ?

Қазақстандық қоғамдық даму институтының алаңында «Конституциялық реформа: мемлекеттік басқаруды трансформациялау» атты «Sarap» эксперттік клубының отырысы өтті. Шараны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ ұйымдастырды. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз орталығы хабарлады.

Отырысқа қатысқан Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері референдум өткізу мәселесі бойынша өз көзқарастарын білдірді, сондай-ақ билік тармақтары арасындағы қатынастарда конституциялық реформаның рөлін, халықтың елді басқаруға қатысуын кеңейтуді және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейтуді талқылады.

Қазақстанның Азаматтық Альянсының Президенті Бану Нұрғазиева өз сөзінде бүгінгі таңда басты міндет азаматтарды Конституцияға өзгерістер мен түзетулер туралы хабардар ету екендігіне назар аударды.

– Бұл қарапайым азаматқа не береді, не өзгереді, осыны түсіну өте маңызды. Конституция Парламенттің қабылдауымен бірнеше рет өзгеріске ұшырады. Бұл заңды процесс және мұндай тәжірибені осы жолы да қолдануға болатын еді. Бірақ, қазіргі Мемлекет басшысы қабылдаған саяси қадамдардың бірізділігі «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатымен көрініс табады: Президентімізге халықтың пікірін есту маңызды. Өз азаматтарын тыңдау, олардың пікірін білу билік пен халық арасындағы қарым-қатынаста өте маңызды, – деп есептейді спикер.

«Eurasian Expert Council Foundation» қоғамдық қорының Президенті Шыңғыс Лепсібаев өз сөзінде, референдум – халықтың тікелей заң шығаруын білдіретін демократияның маңызды институты екенін атап өтті.

– Бұл мемлекет және әрбір азаматтардың маңызды шешімдер қабылдауда қоғамның қатысуының бір тәсілі. Тұлғаның қабылдаған шешімі процедураның нәтижесіне әсер етеді, сондықтан да осы мәселе бойынша оның хабардар болғаны маңызды. Референдумның шарттары мен тәртібі тиісті елдердің Конституциялары мен заңдарымен реттеледі.

Естеріңізге сала кетейік, 5 мамырда Қазақстан Президенті республикалық мемлекеттік телеарналар эфирінде референдум өтетіні туралы хабарлаған болатын.

– Бүгін мен 5 маусымда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар қабылдау мәселесі бойынша республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойдым. Конституциялық түзетулер жобасы бойынша азаматтардың жалпыға бірдей дауыс беруі біздің демократиялық қағидаттарға берік ұстанымымызды көрсетеді. Алдағы референдум әрбір азаматтың Қазақстанның болашағын айқындайтын тарихи оқиғаға тікелей қатысуына мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған