«БАСТЫСЫ – БАЛАҚАЙ ЕКЕУІМІЗ ДЕ АМАНБЫЗ!»

Алты жасар бүлдіршін Үлбі өзеніне батып кете жаздады. Қуанышқа қарай, сол маңда 3477 әскери бөлімінің әскери қызметкері ефрейтор Тілек Құмарбеков болған. Бұл туралы ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі хабарлады.

Көмек сұраған адамдардың дауысын естіген Ұлттық ұлан жауынгері өз өмірін қатерге тігіп, ағынды өзеннен баланы алып шығу үшін ойланбастан суға сүңгіп кеткен.

Балаға жылдам жүзіп барып, қолынан ұстап, жағаға шығара бастайды. Дегенмен, уайымнан ба, әлде шаршағаннан ба, Тілек әлсізденіп бара жатқанын сезеді. Жол-жөнекей біраз су жұтып қойса да, соңғы күшімен бүлдіршінді жағаға жеткізіп, жығылады. Әрі қарай не болғанын білмей, есін жоғалтқан.

Абырой болғанда, сол маңда жүрген басқа адамдар көмекке келіп, жедел жәрдем шақырып, ауруханаға бара жатқан жолда медицина қызметкерлері Тілектің бетін бері қаратқан.

– Күн ыстық болғасын суға түсуге барғанбыз. Мен құтқарған кішкентай бала да Үлбіге анасымен келген екен. Оны кейін білдім. Мені ауруханаға әкелер жолда тыныс алатын аппараттың көмегімен сақтап қапты, біраз су жұтып қойған екенмін. Бастысы – балақай екеуіміз де аманбыз! – дейді ұландық сарбаз.

Қазіргі уақытта әскери қызметшінің жағдайы жақсы. Адам өмірін сақтап қалғаны үшін ефрейтор Құмарбеков Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының марапатына ұсынылды.

Тілек 3477 әскери бөлімі 2 арнайы комендатурасының 2 взвод бөлімшесінде сарбаз-атқыш лауазымында екі жылдан бері қызмет етеді.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған