«МАҚСАТ КӨК ТУДЫ АМАН АЛЫП ҚАЛУ БОЛДЫ»

Түркістан облысында мемлекеттік мекеме қызметкері өртеніп жатқан ғимараттың төбесіндегі тудың алауға орануына жол бермеген. Жұмыспен қамту орталығының өртеніп жатқан ғимаратынан мемлекеттік туды алу сәті түсірілген видео әлеуметтік желіде кеңінен тараған және көпшілікті тәнті етті.

Ер адам өртеніп жатқан ғимараттың төбесіне шығып, өз басына төнген қауіпке қарамастан мемлекеттік рәмізді ту тұғырынан асығыс алып, жерге лақтырып, оқиға орнынан кетіп қалады. Кейін оның орталық қызметкері, бір баланың әкесі, 27 жастағы Қансейітов Мұхамед екені белгілі болды.

«17 шілде күні сағат 13:45-те Сайрам ауданы, Ақсукент ауылы, Астана даңғылында орналасқан ғимараттың шатыры жанды. Өрт сағат 14:31-де оқшауланып, сағат 16:15-те толық сөндірілді. Қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнында төтенше жағдайлар департаментінің 29 қызметкері және 8 техникасы, 8 тәртіп сақшысы және полиция департаментінің 2 техникасы жұмылдырылды», – делінген Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарламасында.

Айта кетейік, аталған орталықтың маманы 27 жасар Шіркін ауылының тұрғыны Мұхаммед Қансейітов осы азаматтық ерлігіне орай, мемлекеттік рәміздерді аман алып қалғаны үшін Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібековтің қолынан алғыс хат алды.

Оқиғаның кейіпкері Мұхаммед жексенбіде туыстарының үйіне қонаққа келген екен.

Адамдар шулап кетті, бір кезде сыртқа шығып қарасам жұмыс жақтан шыққан өртті көрдім. Ғимаратымыздың жанында қоқыс жәшігі бар еді, алғаш түтін содан шығып жатыр деп ойладым. Жақындап келсем өртеніп жатқан ғимарат екен, ең бірінші кіре берістегі Елтаңбаны алдым. Ойланатын уақыт болмады. Ту өртеніп жатқанда қарап тұра алмайды екенсің. Бір минут та ойланбайсың. Мақсат көк туды аман алып қалу болды. Құдайға шүкір, ешқандай жарақат алған жоқпын. Өрт сөндірушілер жақындама деп ескертіп жатқанына қарамастан, терезе арқылы өзім жұмыс істейтін ғимараттың шатырына шығып, Туды да шешіп алдым. Содан соң ішке кіріп қалған құжаттарды тезтез алып шығуға тырыстық, – деді сол күнгі оқиғаны еске алған Мұхаммед Қансейітов.

Ол өз сөзінде әрбір Қазақстан Республикасының азаматы туды, Елтаңбаны әрдайым жоғарыда биіктерден көрсетіп жүруге міндетті санайтынын айтып өтті.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған