«БАРЫС» ЕРТЕҢ ПЛЕЙ-ОФФ ОЙЫНДАРЫН БАСТАЙДЫ

Елордалық «Барыс» хоккей клубы Гагарин кубогының плей-офф ойынындағы алғашқы кездесуін ертең, ақпанның 26-сы күні өткізеді. Қазақ командасына Төменгі Новгородтың «Торпедосы» қарсыласы атанып отыр.

Командалардың 62 ойындағы нәтижесіне көз жүгіртсек, жерлестеріміз әлдеқайда алда тұр.  «Барыс» 86 ұпай жинап, Шығыс конференциясының турнир кестесінде 2-орын алды. Ал «Торпедо» 64 ұпай еншілеп, 7-орыннан көрінді.

Бұл маусымда командалар екі рет кездесті. Әуелі «Торпедо» өз алаңында 6:5 есебімен жеңіске жетсе, екінші ойында «Барыс» 4:1 есебімен басым түсті.

«Барыстың» бас бапкері Андрей Скабелка команданың ертеңгі ойынға сақадай сай екенін хабарлады. Жарақаттарына байланысты соңғы ойындарға қатыса алмаған «Барыстың» шабуылшылары қатарға қосылады деген сенім бар. Метт Фрэттиннің ертең ойнайтыны анық. Кертис Волк әлі толық айықпаған көрінеді. Ертең ойнамағанның өзінде жақындағы ойындарда командасына көмектесуі тиіс. Ал отбасылық жағдайына байланысты демалыс алған Кевин Даллмэннің қашан оралатыны әзірге белгісіз.

Ресейлік Sports.ru сайты 7 ойындық бәсекеде қай команданың үздік шығатынына болжам жасапты. «Барыстың» басымдығын біле тұра «Торпедоға» бүйректері бұрып тұр. «Торпедо» 2:4 есебімен жеңімпаз атанады» депті. Ал біз «Барысқа» сенеміз. Жеті ойынға жеткізбей жеңісімен қуантуға тиіс. Тек төрешілер аяқтан шалмаса болғаны.

Мұрат СЕРІКБАЙҰЛЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған