«ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ. АЛТЫН ТАҚ» ФИЛЬМІН МЕРЕКЕДЕ ТАМАШАЛАЙМЫЗ

«Қазақ хандығы» сериалының кинонұсқасы – «Қазақ хандығы. Алтын тақ» фильмі 2019 жылғы 21 наурыз күні жалпыұлттық прокатқа шығады. Бұл туралы ҚР Мәдениет және cпорт министрлігінің ресми интернет-ресурсы хабарлады.

Аталған ауқымды жобаның екінші маусымын ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Centaurus Rustem Abdrashev production» ЖШС-нің қатысуымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген.

Фильмнің желісі XV ғасырдың орта шенін қамтиды. Шыңғыс хан мен Әмір Темір империяларының қирандысының орнына бірнеше ұлыстар бой көтерген. Орыс хан тағын күшпен иеленіп, 40 жыл бойы жеке дара билік құрған Әбілқайыр ханның ауыр езгісі – Дешті қыпшақ жұртының жаппай наразылығын тудырды. Керей мен Жәнібек сұлтандар 1465 жылы Көк Орда билеушісі Әбілқайыр Шайбаниге наразы көшпелі тайпаларды бір тудың астына жиып, Жетісу өлкесінде Қазақ хандығын құрды. Алайда, Жас ұлысты жөргегінде тұншықтырғысы келген Әбілқайыр хан, ата жауы Керей мен Жәнібекке қарсы жойқын жорыққа аттанды. Алда ұлы майдан күтіп тұрған еді. Ал Керей хан мен Жәнібек сұлтанның басты мақсаты – Сығанақтағы алтын тақты қайтарып алу болатын…

Тарихи кинодилогия Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының бірінші романы бойынша түсірілген.

Фильмнің режиссері – Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссер, сценарист және суретші Рүстем Әбдірашов. Ол «Құрақ көрпе», «Қаладан келген қыз», «Сталинге сыйлық», Елбасы жолы киноэпопеясының: «Балалық шағымның аспаны», «От-өзен», «Теміртау», «Тығырықтан жол тапқан» және «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» атты кинотуындыларының авторы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған