Түркістан облысында жастарды жұмыспен қамту және олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Осы мақсатта жүзеге асырылып жатқан «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында биыл 6 415 жасты қамту жоспарланған. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Бүгінгі таңда бағдарлама шеңберінде 2 536 жас жұмыс орындарына жолданды. «Жастар практикасы» — жоғары және арнаулы орта оқу орындарының түлектеріне өз мамандығы бойынша алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік береді. Бағдарламаға оқу орнын тәмамдағанына 5 жылдан аспаған, жасы 35-тен аспайтын және жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар қатыса алады. Практиканың ұзақтығы 12 айдан аспайды. Жастар практикасына қатысушыларға ай сайын кемінде 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде еңбекақы төленеді. Бұл жастардың кәсіби дағдыларын жетілдіріп, тұрақты жұмысқа орналасуына қолдау көрсетеді.
Бағдарлама — жастарға алған білімін тәжірибемен ұштастыруға үлкен мүмкіндік береді.Жастар практикасына жолдама алу үшін азаматтар тұрғылықты жері бойынша «Мансап» орталығына жүгінуі қажет.

